ШҚО-да браконьерлер құны 3 млн теңге құрайтын 2 тоннадан астам балық аулаған

377
көрілім

Уылдырық шашу кезеңінде облыс аумағының тыйым салынған балық өсіру орындары және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында балықты заңсыз аулауға жол бермеу мақсатында сәуір айының 16-сы мен 30 мамыр аралығында «Уылдырық-2021» жедел-алдын алу шарасы өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараның негізгі мақсаты - балықты заңсыз аулау, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалған қылмыстарды ашу, сондай-ақ балық қорғау органдарына балық қорларын сақтауда көмек көрсету.
- Табиғат қорғау полициясының бөлімшелерімен балық ресурстарын қорғау мақсатында күн сайын рейдтік шаралар өткізіліп, нәтижесінде 316 құқық бұзушылық анықталды. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында браконьерлер 2 тоннадан астам балық аулап, мемлекетке келтірілген залал 3 млн теңгеден асты. 300 - ге жуық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.


Заңсыз балық аулау орындарынан 56 қылмыс құралы (синтетикалық торлар, балық ұстауға арналған шанышқы құралы, сүзгіштер және т.б.) тәркіленіп, 3760 метр ау тәркіленді. Аталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК – нің 383 – бабы 3-бөлігі (балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) бойынша 9 материал сотқа жолданды, ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы (жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз сатып алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау (ұстау) бойынша) – 6, ҚР ҚК-нің 335-бабы (балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша 7 заң бұзушылық фактілері анықталды.
– Браконьерлік оқиғаларының бірі ағымдағы жылдың 19 мамырында Бұқтырма су қоймасының жағасында тіркелді, Табиғат қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері 1992 және 1977 жылдары туған Алтай ауданы Октябрь кентінің екі тұрғынын ұстады. Оларды тексеру кезінде ұсталғандардың біріне тиесілі Mitsubishi автокөлігінде моторлы алюминий қайық және 874 750 теңге сомасына 179 келі рипус балығы анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген мәліметте.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәркіленген балық арнайы қабылдау орнына тапсырылып, ал сатудан түскен табыс мемлекет қазынасына аударылады.