Аблакетка ауылының тұрғындары бір жылдан бері қоқыс төгетін контейнерді пайдалана алмай келеді

515
көрілім

Газет редакциясына Өскемен қаласы Аблакетка кентінен хабарласқан тұрақты оқырманымыз көше бойында орнатылуға тиісті қоқыс жәшіктерінің жоқтығын, уақыт өткен сайын айнала тазалықтан ада бола бастағанын жеткізген еді. Одан қалса негізгі саналатын ауылішілік жолдың өзі үш жылдан бері жөндеу көрмеген. Тілшіміз қала әкіміне сұраухат жолдап, мәселенің анық-қанығын анықтап көрді, Buqara.kz деп хабарлайды сайтының тілшсі.

Тұйық көше тұрғындарының машақаты

Шаһар басшысы Жақсылық Омардан алдымен аталған ауылда тұратын халық санын сұрауды жөн санадық. Сұраухатқа берілген жауапта: «Аблакетка ауылындағы тұрғындар саны 12000-нан астам» делінген. Осыған қарап-ақ аблакеткалықтардың түрлі шаруашылықты өрбітіп, белсенді тіршілік жасап жатқандықтарын байқауға болады. Тіпті тұрғындардың «Күнде қайнаған тіршілік. Ауылда ары-бері ағылып, тынығуға мұрша таппайтын іскер жандар да жетерлік. Тұрғындар саны көбеймесе, азайматын ауылда тәртіптің бақылаудан шығып бара жатқандығы өкінішті» деп мұңая тіл қатқандарды да естідік. Мәселе Физкультурный тұйық көшесі жайында. Яғни дәл осы көше бойында тұратын жұрт қоқыс шығарарда қайда апарып төгетіндерін білмей, аңтарылып қалатындықтары жалған емес. Себеп неде? Әдеттегі қоқыс контейнерінің болмауында.

– Аталған көше бойында он шақты түтін бар. Тұйық көшенің орта тұсына осыдан талай жыл бұрын сыйымдылығы мол қоқыс жәшігі қойылып, тұрғындар қоқыс-қалдықтарын соған апарып төгетін, – дейді Алтынбек Жәкебаев есімді зейнеткер. – Қыс болсын, жаз болсын келіп, өздері тиеп алып кететін. Ал былтырдан бері «Спецкоммунтранс» ЖШС өкілдері «Тұрғындар әр жерге өздері қоқыс жәшіктерін жасап орнатсын» деп аяқасты құбылды.

Бұлай деулерінің астарына үңілсек, өздері қоқысты бір жерге жинап, тиісті ұйым жұмысшылары тиеп алып кетеді-міс. Тұйық көшенің тұрғындары бұған келісе кетті. Алайда аумақ тазалығын ойлап, шыр-пыр болғандар сол жәшікті жасап орнатқан еді, жаһанды жалпағынан басқан кезбелердің тосын әрекеттеріне тап болатындарын аңғармады. Айталық тұғырын ағаштан жасап, қоқыс салатын жеріне темір қазандық іспетті заттар әкеліп орнатқанда бәз біреулер темір өткізіп, ақша табудың қамына кіріссе керек. «Апарып қойып едім, әлгі қазандықтың орны ғана қалған» дейді сол көшенің тұрғыны Айдар Баршылықов (аты-жөні өзгертілген). Бұдан кейін де тұрғындар дүркін-дүркін пошымы үлкен қазандық-мескейлерін орнатқан еді, белгісіз біреулер лезде қолды қылуды қоймаған. Қазір Физкультурный тұйық көшесінің жол жиегінде бей-берекет төгілген қоқыстың сан түрі кездеседі. Ескі-құсқы киімдер, құрылыс материалдары, пластамассадан жасалған заттар, қала берді, сынған шыны қалдықтарына күн түсіп, алыстан «мен мұндалайды». Өкініштісі сол, қоқыс контейнерлері біраз көшеде жоқ. Соның салдарынан сөз болып отырған тұйық көшедегі уақытша қоқыс төгетін жәшікке ары-бері өткенде үсті-үстіне төге беретін көрінеді. Күнделікті талғажау ететін талшық іздеудің қамымен жүрген қаңғыбас иттер болса шашылған заттарды көше бойына тасып, аулаларды одан әрі шашуда. Сұраухат жауабына сүйенсек, онда «Әрбір үйдің жанында қоқыс қоятын эстакада болуы қажет, Правда көшесі мен Физкультурный тұйық көшесінің қиылысында ТҚҚ-ға арналған бір контейнер тұр, оған «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС қызмет көрсетеді» деп жазыпты. Демек айтпақ ойлары – бұдан басқа қоқыс контейнері қойылмайды дегенге саяды.

Қаржы қашан бөлінеді?

– Қаланың іргесіндегі тұрғындар тұрмысына осылай немқұрайлы қарауды жауапсыздық деп білеміз, – деді Айдар Баршылықов тағы бір мәселенің бетін ашып. – Ауыл әкімі қашан да шарасыз. Мәселен Правда көшесіне тасжол төсейміз деп сан рет уәде берген еді, еш өзгеріс жоқ. Ойдым-ойдым көшеде көлікпен жүрудің өзі машақат.

Тұйық көшеде қоқыс контейнерінің болмауы жұртты әбігерге салуда ма десек, тағы бір мәселенің барына көз жеткіздік. Қала басшысына жіберілген сұраухатта «Ауылішілік жолдар соңғы рет қашан жөндеу көрді?» деп сауал қойған едік, берілген жауап мүлде басқа бағытта. Яғни «2016 жылы Пристань ауданынан Аблакетка ауылына дейінгі жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілген». Сондағы аңғарғанымыз, тек Правда емес, өзге де көше жолдарының сапасы сын көтермейді деген сөз. Бұл ғана емес, жұрт тілегі ертелі-кеш қабыл болар дегенімізде, жауапты тұлғалардың 2020 жылға жол жөндеуге бюджеттік өтінімдер жолдағанынан хабардар болдық. Өтінім қабылданды делік, оған тиісті қаражат бөлінгенше біршама уақыт өтері хақ. Демек қуанышты хабар жуық арада жетпейтін сыңайлы. Сондай-ақ ауыл ішін толыққанды жарықтандыру мәселесі де ақсап тұр. Анығы сол, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен тиісті қаржы бөлінген соң ғана барып, жұмысшылар іске кіріспек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ