Алтай ауданында 17 адам грант ұтып, кәсібін ашты

181
көрілім

2022 жылдан бастап жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін (әрі қарай гранттар) конкурстық негізде 400 АЕК-ке дейін грант беріледі. Бұл 2023 жылы 1 млн 380 мың теңгені құрады. Жобаға әлеуметтің осал топтарына жататын тұрғындар қатыса алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, бұған:

  • атаулы әлеуметтік көмек алатындар;
  • көпбалалы отбасы мүшелері – көпбалалы болуына қарай жәрдемақы алатындар;
  • оңтүстік немесе солтүстік өңірлерден көшіп келгендер;
  • қандастар;
  • асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алатындар;
  • мүгедектігі бар баланы асырап отырған отбасы мүшелері;
  • мүгедектігі бар жандар кіреді.


Ресми ақпаратты Алтай ауданы мансап орталығының басшылығы ұсынды. Олардың ақпаратынша, өтінім беру басталмай тұрып, көпшілік жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін кемі үш жыл уақыт беріледі.
– Гранттар тиісті инвентарь, кәсіпке қажет құралдар, технологиялық жабдық, жануар, мал, құс, көшет, бұта, тұқым, жаңа бизнес-жоспарларды жүзеге асыру үшін жалға алған ғимараттардың ақысын төлеуге беріледі, – деді аталған орталық директорының орынбасары Жанар Ермакқызы.
Дегенмен гранттар тұтынушылық, несие төлеу үшін, тұрғын үй құрылысы мен оны сатып алуға, жер сатып алу үшін берілмейді. Өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы (әрі қарай портал) арқылы жүзеге асады. Портал өтінім берушіні сол санатқа сәйкес келе ме, жоқ па екендігін автоматты түрде тексереді. «Бастау бизнесс» жобасы бойынша кәсіперлік негіздерін оқығанын растайтын электронды сертификаттың болуы шарт. Грант алуға өтініш пен үміткерлер тізімі мансап орталығы өткізетін комиссия отырысында жаңа бизнес-жоспарларды іске асыру аясында қаралады.
Комиссия мүшелері келесі критерийлерді ескереді:

  • бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
  • өткізу нарығының өнімділігі;
  • бизнес-жоспардың қаржылық өміршеңдігі;
  • кәсіпкерлік қабілетінің деңгейі;
  • жаңа жұмыс орындарының ашылуы.


Шешім шығарылған соң үміткердің жеке кабинетіне портал арқылы хабарлама келеді. Грантқа ие болған адам үш жұмыс күні ішінде жеке кабинетінде электрондық сандық қолтаңба арқылы келісімшартқа қол қояды. Келісімшарт жарамдылығы – 12 ай.
– 2023 жылы Алтай ауданы бойыша 17 адамға 23,5 млн теңгеге грант берілді. Оның ішінде, көпбалалы отбасыларға – сегіз, аз қамтылған отбасыларға – екі және басқа санаттағы әлеуметтің осал топтарына жеті грант берілді, – деді орталық мамандары.
Нақты айтсақ:

  •  ауыл шаруашылығы саласы бойынша ірі қара малын өсіруге бес жобаға 6 млн 900 мың теңге;
  • тамақ, кондитерлік өнімдер әзірлеу бойынша бес жобаға 6 млн 900 мың теңге;
  • технологиялық жабдықтар сатып алу бойынша бөлшек саудаға 4 млн 140 мың теңге (3 жобаға);
  • өнімдерді тігуге 1 млн 380 мың теңге (бір жоба);
  • ауылдағы туризмді дамыту, косметикалық кабинет ашу сияқты үш жобаға 4 млн 140 мың теңге берілді.

Биыл өтінімдерді 8-ші сәуірден бастап қабылдау жоспарлаған. Су тасқыны жағдайының ушығуына байланысты бірінші лектің өтінім қабылдау мерзімі кейінге шегерілді.
Асыл АЙТБАЕВ