«Алтай» волейболшылары Тайланд елінің «Супреме» командасына есе жіберді

720
көрілім

«Алтай» мен «Супреме» волейбол командаларының арасында өткен тартысты кездесу қонақтардың жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ойын басталғалы-ақ қонақтар жеңілу үшін келмегенін дәлелдеп берді. Тайландтық қыздар тартысқа толы ойынның алғашқы сетінде 25:21 есебімен «Алтайдың» қыздарынан басым түсті. Екінші сеттің қорытындысы да біздің жанкүйерлерді қуанта қоймады, себебі 25:19 есебі тағы да тайландтықтардың пайдасына шешілген болатын.

Үшінші кезең басталғанда шынымен де, бір сетте де серпінді өнер көрсете алмай «Алтай тізе бүге ме?» деген қауіп туындай бастаған. Алайда залдағы жанкүйерлердің қолдауы «Алтайдың» қыздарына қанат бітірген секілді. Үшінші сетте біздің ойыншылар қолдан сусып бара жатқан жеңісті 25:17 есебімен «жұлып алды». Бұдан да тартысты өткен төртінші кезеңде алтайлық қыздар айбынды өнерлерін паш етіп, төрт ұпаймен тайландтықтарды тағы артта қалдырды.

Десе де, Тайланд есесін жібермеді. Соңғы кезеңде 15:9 есебімен біздің команданы тізе бүктірді. Бес сеттің қорытындысы бойынша 2:3 есебімен Тайландтың «Супреме» командасы жеңіске жетті.