Алтайда құрбысын пышақтаған ер адам сотталды

42
көрілім

Алтай қаласында аралас-құралас болып жүрген еркек пен әйелдің арасында жанжал шыққан. Бұған себеп болған – қызғаныш еді. Ер адам құрбысын басқалардың қасынан көрсе ашуы алқымына келетін-тұғын. Осы жолы да айқайға басты. Сабыры сарқылған әйел де салғыласа жөнелді. Сол кезде алтайлық қолына пышақ алып, өмір-бақи өкініп өтетін әрекетке барған. Оқиғаның жай-жапсары аудандық сотта қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алтай қаласындағы Советский көшесінде орналасқан жер үйде отырған Дулат пен Назгүл (есімдері толықтай өзгертілген) әңгіме-дүкен құрысады. Екеуі дастарқанға ащы суды да қойып қойған. Сөз арасында ер адам құрбысын болмашы нәрсеге қызғанып, жанжал шығарады. Әйел де үнсіз қалмай, айтарын айтып тастаған. Ашуы алқымына келген Дулат сол мезетте шап беріп қолына пышақ алады. Көзі қанталап кеткен ол суық қаруды Назгүлдің ішіне қалай сұғып жібергенін де байқамай қалды. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.

– Айыпталушы осыған дейін екі мәрте сотты болып түрмеге отырып шыққан. Сот барысында ол өз кінәсін толықтай мойындап, прокурормен процессуалды келісімге келді, – делінген Алтай аудандық сотының іс-материалдарында.

Сот үкімімен Дулат Асланбеков Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін сотталушы 50500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ