Аягөз ауданында ер адам әйелін ұрып өлтірген

544
көрілім

Аягөз ауданында жұмыстан соң үйіне келген ер адам ішімдікке сылқия тойып алған әйелін көреді. Оның бұл қылығына реніш білдірген күйеуі қатымға қол жаюға кетіп қалады. Біраз уақыттан соң үйге оралса, масайған әйелі айықпаған күйі бүк түсіп төсегінде жатыр. Ерінің ашуланғаны сонша, әйелін аяусыз ұрып-соғып, өлтіріп тастайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аягөз қаласындағы ЖШС-нің бірінде отжағушы болып істейтін Қадырбек (есімдері толықтай өзгертілген) сағат 09.00-де түнгі ауысымнан шығып үйіне келсе заңды некедегі әйелі Күлзипа мас күйінде ұйықтап жатыр. Оны оятып «арақ ішкеніңді қой болды! Шыдамның да шегі бар» деп қатаң ескерту жасайды. Араға 3 сағат салып Қадырбек Қабанбай батыр көшесінің бойында орналасқан мейрамханаға қатымға кеткен. Сағат 15.00-дер шамасында үйіне оралғанда әлі есін жимай ұйықтап жатқан әйелін көреді. Оны оятып тағы бір мәрте ескерту жасап еді, арақтан басы шағып тұрған Күлзипа қарсы сөз айтқан. Міне, осы кезде екеуінің арасындағы жанжал өрт шарпыған қамыстай тез лаулайды. Зығырданы қайнап, бұлқан-талған болған Қадырбек өзін ұстай алмай, жұбайына қол көтерген. Кеудесіне 4 рет соққы жасап жерге құлатады да, етігімен аяусыз тепкілей береді. Соққылардың салдарынан ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған әйел келесі күні ауруханада жантәсілім еткен.

Аудандық сотта қаралған сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істегеніне қатты өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімі бойынша Қадырбек Биязбаев 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады.