Аягөз қаласының тұрғындары қоқыс үйіндісінің тазаланбағанына наразы

845
көрілім

Аягөз қаласының Б.Момышұлы көшесі 50 үй маңындағы қоқыс үйіндісінің тазаланбай жатқандығын айтып шағымдануда. Көптен бері шығарылмаған қалдықтар иістеніп, далаға шашылып тұрғындарға ыңғайсыздық туғызған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Аталған көшенің тұрғындары әлеуметтік желілерде белсенді түрде қоқыс қалдықтарының жиналмағанына наразылықтарын білдіруде. Олардың айтуынша, қалдықтардың жағымсыз иіс тудырғаны бір бөлек, түрлі аурулар мен зиянкестердің ошағы болып кете ме деген қорқыныштары басым.


- Б.Момышұлы көшесі 50 үй маңындағы қоқысты тазалап берулеріңізді сұраймын. Қаламыздың тазалығы өзіміз үшін керек, - деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы және қала тұрғыны.
Желідегі жазбаға тұрғындар тіпті «қоқысты қайда тастаймыз?», «үйге жинаймыз ба?», «қоқыс жәшіктері тұрмақ жанына жолай алмайсың» деген сынды пікірлер жазуда. Алайда кейбір оқырмандардың «тазалыққа адамдар өздері де жауапты», «өздеріңізден бастаңыздар» мағынасындағы жазбаларын да байқауға болады.


Тұрғындар алдағы уақытта қала әкімдігі мен жауапты мекеме бұл жағдайға бейжай қарамай өтініштеріне құлақ түреді деген сенімде.