Аягөздегі дауылдан 7 адам зардап шекті

1055
көрілім
Шартты фотосурет

Аягөз қаласында қатты желдің салдарынан 7 адам зардап шекті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, секундына 28 метр жылдамдықпен соққан жел ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкеткен. Нақты айтқанда, екіқабатты 19 тұрғын үй, 72 жер үй, 4 мектеп, балабақша мен орталық аудандық аурухананың шатырына зақым келді.

– Ағаштардың құлауынан байланысты электр желілері үзіліп, 9138 абонент жарықсыз қалған. Оқиға орнында ШҚ АЭК-ның 5 жедел бригада жұмыс істеуде, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар құлаған бұталар мен сынған әйнектерден жарақат алған 7 адам қалалық ауруханаға жеткізілген. Оның ішінде 6 адамға медициналық көмек көрсетіліп үйлеріне қайтарылса, біреуі ауруханаға жатқызылды.

Қазірде жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған комиссия желдің нақты қанша ғимаратқа залал келтіргенін анықтау үстінде.