Балабақша – тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы

284
көрілім

Өңірде мамандығына мақтанышы ретінде қарайтын жандар аз емес. Өмір болған соң сүрлеу-соқпаққа толы, қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Өз қызметіңе шынайы ықыласпен қарап, жауапкершілік таныту кәсібилікті қажет етеді. Менің балаларға деген махаббатым айрықша. Сондықтан жұмысымды балабақшада жалғастырып, өзімді тәрбиешілік қызметте сынап келемін. Жеті жылда біршама тәжірибе жинақтап, қылықты бүлдіршіндердің жанында болу да бір бақыт.

Менің мақсатым – балаларға жақсы көңіл-күй сыйлай отырып саналы ұрпақ тәрбиелеу. Алдымен ата-ана сенімін арқалаған бүлдіршіндерге мен де барынша оң бағыт-бағдар беруге тырысып келемін. Десе де жас буынмен жұмыс істеудің қиындықтары аз емес. Себебі сол өскелең ұрпақтың болашағы алғашқы тәрбиешісіне байланысты екендігін ескергеніміз жөн. Талабы таудай буын қалыптастыру бір күндік жұмыстың еншісінде еместігі белгілі. Жылдап жинаған тәжірибе мен табанды еңбек екі жақтап шешуші кезеңде топтан суырылып шығуға себепші болады. Өз ортамнан дараланып шықпасам да, бүгінде бар уақытымды бүлдіршіндерге арнап, жұмысыма жауапкершілікпен қарауды ту етуге тырысудамын.

Кейде өз-өзіме «мен неліктен балаларға білім беруге асықпын, мені оларға не тартады?» деген сауал қоямын. Оған жауабым әзір сияқты. Балалармен жұмыс істесем жан рахатын сезінемін. Мұның алдында бірқатар мекемелер жұмысқа шақырғанымен, алыстан «мен мұндалап» тұратын топты, көздері жәудіреген шәкірттерімді қимаймын. Себебі олардың қылықтары мен үшін ыстық әрі жаныма жақын.

Қазір өз біліктілігімді арттыру мақсатында педагогикалық теорияны практикамен ұштастыра жұмыс істеп келемін. Көптеген ұстаздар үшін мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеген едәуір қиындық туғызады. Дегенмен әр баланың құқығын шектемей, барынша жағдай жасауға тырысқанымыз жөн деп ойлаймын. Біз бүлдіршіндердің жан дүниесін түсіну мақсатында олардың ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынас орнатып келеміз. Менің ойымша, бала – өмір гүлі. Ал гүлдер шынайы жолмен, ыстық ықыласпен баптағанда ғана өседі. Тәрбиешілер де әділдікті ту етіп, балақайларға бар білгенін үйретсе білімді буын қалыптастыруда сүбелі үлес қосқан болып саналады.

Тұлпар текті қазақ жұрты бағзы заманнан ұрпақ санасына ұлттық рух ұғымын ұғындырып, шешуші сәтте сәтті қадам жасауды бағыттап келді. Қазір сол жауапкершілік жүгінің бір бөлігін тәрбиешілер қауымы арқалап келеді десем артық айтпаспын. Ендеше қолға алған жұмысқа атүсті қарамай, жас буынды мейілінше дұрыс жолға салуға себепкер болу біз үшін мәртебелі іс болмақ.


Айсұлу Едешова

«Мүмкіндіктері  шектеулі балаларға арналған Алтын дән» балабақшасы