Бесқарағайда ер адам анасына жақпаған әйелін пышақтап тастаған

510
көрілім

«Желіннің жауы – кене, келіннің жауы – ене» деген мақал бар қазақта. Бұл жазайын деп отырған мақаламызға дәл айтылған сөз сияқты. Бесқарағай ауданында келіні көңілінен шықпағаннан кейін қарт ана ұлына «Сенің әйелің айтқанды тыңдаудан қалды» деп наразылығын білдірген. Сол кезде ашуы алқымына келген ер адам жұбайына әкіреңдеп, қолына пышақ алған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бесқарағай ауылының тұрғыны Берік Болатханов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) түнгі ауысымнан шығып, сағат 08.15-те Гагарин көшесіндегі үйіне келген. Жеке шаруаларын тындырып болған соң анасымен бірге ас бөлмесіндегі үстел басына жайғасып, жүрек жалғап отырады. Кенет дауысы қатаң шыққан қарт ана күйеуі жоқта келінінің айтқанды мүлде тыңдамайтындығын жеткізген. Бұған ашуланған 48 жастағы еркек жұбайы Айсұлу Сейілхановаға барып зекиді. Әйел адам да үнсіз қалмағандықтан екеуінің арасында жанжал шыққан.

Сағат түскі 14.00-де үйден шығып кеткен Берік 3 бөтелке сыра ішіп алады да шамамен 4 сағат өткеннен кейін қайтып келеді. Ішімдік ішіп ірілене түскен бесқарағайлық Айсұлуға айқайлай жөнелген. «Жүр, дәлізге шығып сөйлесейік» деп еді әйелі келіспеді. Одан сайын ашуға булыққан ер адам былапыт сөздерді желдей естіріп, оның қолынан сүйреп алып шығады да:

– Анамды неге тыңдамайсың? – деп сұрайды.

– Тыңдап жүрмін ғой. Ол кісіге қарсы бір сөз айтып көрген емеспін, – дейді Айсұлу.

Алайда жұбайының бұл айтқаны Берік Болатхановқа аздық еткен болуы керек – ас бөлмедегі пышақты шап беріп әйелінің сол жақ кеудесіне сұғып жіберген. Ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші Бесқарағай аудандық орталық ауруханасына жатқызылады.

Сот барысында өз кінәсін толықтай мойындаған айыпталушы:

– Сол оқиғадан бір күн бұрын анам телефоныма хабарласып Айсұлудың тек қана сөз таластырып қана қоймай, өзін жерге құлатып, бірнеше рет шапалақпен тартып жібергенін айтты. Осыдан кейін менің шыдамым таусылды, – деп жауап берді.

Сот үкімі бойынша Берік Болатханов ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК