Біржан Оразов Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені атанды!

13445
көрілім

Нидерландының Гронинген мен Амстердам қаласында өткен футзалдан Еуропа чемпионаты қорытындысында аягөздік спортшы үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазақстан құрамасы бұл жолы ширек финалмен шектелді. Украинамен өткен матчтан соң түрлі қауесет тарап, футзалшылар деңгейі әлемдік мамандар баға бергендей аспандап тұрған жоқ теп айтылды. Әркімнің пікірін қазбалап, бөлісер болсақ Қазақстан құрамасы Украинаға ұдайы жеңіліп келген команда болып шыққалы тұр. Десек те әркімнің аузына қақпақ болу мүмкін еместігін ескеріп, күні кеше талай жанкүйердің қуанышын оятқан жағымды жаңалыққа тоқталуды жөн көрдік.

– Құтты болсын, Қазақ елі! «Қайрат» АФК ойыншысы Еуро-2022 турнирінің үздік сұрмергені атанды. Еншісінде жеті гол және екі нәтижелі пас, – делінген «Қайрат» футзал клубының жеке парақшасында.

Мұны кейін бас бапкер Кака да лайықты бағалап, Біржанның соңына дейін мінез танытып ойнайтынын ерекше атап өтті.

Жалпы, жерлесіміздің ізін ала Ресей құрамасының үш ойыншысы Артем Антошкин (5 гол+5 пас), Иван Чишкала (5 гол+1 пас) және Антон Соколов (5 гол) орналасқан. Бесінші орында 33 жастағы испаниялық Серхио Лосано (4 гол+5 пас) тұрса, алтыншы сатыға  ел құрамасының тасқамал қорғаушысы Дуглас Жуниор (4 гол+4 пас) жайғасқан. Айтпақшы, Дуглас та турнирдің үздік төрт ассистентінің бірі болып танылды.