Буынға ота

757
көрілім

Жыл басынан бастап әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры амбулаториялық-емханалық деңгейде медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтті. Ұзын-сонар кезек күтпей көптеген медициналық қызметтерді алуды қамтамасыз ету бағытында өңірде айтарлықтай нәтиже бар.

Мәселен, жыл басынан бері облыстың медициналық ұйымдарында Медициналық сақтандыру Қор қаражаты есебінен 197 жоғары технологиялы ота жасалды. Озық үлгідегі медициналық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын көмекті алуға алысқа сабылудың да қажеті жоқ.
Мәселен, жуырда Семей қаласының 28 жастағы тұрғынына артроскопиялық ота жүргізілді. Көп жылдан бері иық буынының ойнамалы болуынан зардап шеккен науқасқа инвазивтілігі төмен отаны МӘМС аясында атқарды. Яғни, пациенттің қалтасына еш салмақ түспеді дейді мамандар. Иықтың жарақат алған тұсында «жыртық» аумақты кішкентай ғана тілік жасап жұмсақ тіндерін орнына бекітіп берді.
«Артроскопияның көмегімен иықтың «ойнамалы» болып кеткен аумағын тілусіз емдеп бердік. Мұндай операциялар кәсіби тілде «шағын инвазиялық» деп те аталады. Бүгінгі таңда олар хирургияның көптеген саласында, оның ішінде ортопедия мен травматологияда да орындалып жүр. Біз де көштен қалмай келеміз. Шағын инвазиялық операциялардан кейін пациенттеріміздің жылдам қалпына келуіне және белсенді өмірлеріне оралуы біз үшін аса маңызды. Бұл ретте, мұндай оталарға қажетті санаттағы құрылғылармен қатар, білікті мамандар жеткілікті, отада қолданылатын медициналық құрал жабдықтарға келсек, оның бәрі бар, талаптарға сай», - де атап өтті өз сөзінде 1 санатты травматолог-ортопед дәрігер Қуаныш Қасымов.
Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасы мамандарының айтуынша, мекемеде буындарға жасалатын шағын инвазиялық операциялардың шекаралары жылдан жылға кеңейіп келеді. Ал МӘМС аясында науқастар тіпті кезек күтпей-ақ қажетті медициналық көмекті алуы мүмкін болып отыр дейді.