Инвестиция құйылмақ

294
көрілім

Аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірге арнайы келген Еуразиялық Даму банкі делегациясын қабылдады. Айта кету керек, олар Шығыс Қазақстанның бірнеше жобасына қаржы құюға қызығушылық танытып отыр.

Даниал Ахметов инвестор назарына өңір үшін маңызы жоғары екі жобаны ұсынды. Біріншісі – құны 62 миллиард теңгені құрайтын Өскемен қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпір. Құрылыс қолға алынса, ол облыс орталығындағы көлік кептелісін шешуге мүмкіндік береді.

– Екі үлкен инфрақұрылымдық жобаны қарастыруды ұсынамыз. Ертіс өзені және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі көпірдің маңызы облыс үшін өте жоғары. Себебі, Күршім ауданында ауқымды мыс кен орындары бар. Өкінішке орай, аталған бағытқа қарай транзит мәселесін шешу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ауданда көптеген кен орындары әлі күнге дейін игерілмей жатыр. Егер ЕАДБ нақты жұмыс барысына кірісетін болса, үкімет бұл бастаманы сөзсіз қолдайтын болады, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

ЕАДБ делагациясы бұл жобаларға инвестицияны теңге валютасында салуға мүдделі екендігіне ерекше тоқтала кетті. Кездесу қорытындысында екі жақтың серіктестік туралы меморандумына қол қою рәсімі болды.

Асқар ТҰМАРБЕК