Қалпына қашан келеді?

292
көрілім

Катонқарағай ауданының Солоновка ауылында тасқын суға шайылған көпір жөнделмей тұр

Көктемгі қар суы Катонқарағай ауданына қарасты Солоновка ауылының ішіндегі көпірлерді шайып, ауыл тұрғындарының жүріп-тұруын машақатқа айналдырған. Елді мекен ішінде бір емес бақандай үш көпір тасқын судан зардап шекті. Жаз бойы жергілікті билік ауыл ішіндегі негізгі көпірлерді қалпына келтіргенімен, бір көшенің бойындағы бел ортасынан қақ айырылған көпір әлі де жөндеу көрмей тұр...

- Бізді қойшы, мектепке баратын бала-шағаның жағдайы қиындап тұр, - дейді газет редакциясына қоңырау шалған ауыл тұрғыны. - Қазіргі кезде өзен суы тартылып жатыр. Қыс мезгілінде су бетіне мұз қатып, үстінен қызылсу жүрген уақытта қауіпті болып кетеді. Жергілікті әкімдікке неше қайтара жүгінгенімізбен еш нәтиже болмады. Күзге қарай жөндейміз деп құр уәдемен шығарып салады. Қыс болса қырқаның астында. Күзге қарайғы толассыз жауын жөндеу жұмыстарын сапалы етер ме екен?

Солоновка ауылдық округінің әкімі Динара Батекенова ауыл ішін қақ жарып өтетін өзен бойында үш көпірдің орналасқанын айтады. Олар Абай, Әуезов және Советская көшелерінде орналасқан.

- Көктемгі су тасқыны кезінде, нақтырақ айтсақ 23-24 мамыр күндері Әуезов және Абай көшелеріндегі, ал жетінші сәуірде Советская көшесіндегі көпірді тасқын су шайып кетті. Солоновка ауылының Абай көшесіндегі көпірді 25-30 наурыз аралығында "Адал", "Ақжол", "Жас қанат" шаруа қожалықтарының басшылары және "Достық агро инвест", "Арсенал инвест" ЖШС жұмысшылары бірлесе отырып қалпына келтірді. Жөндеу жұмыстарына аталған ұйымдар өз техникаларын тартып, ені 5 метр болатын жыраға топырақ төгіп, көпірдің жол төсемін тегістеп, қабатын нығайту жұмыстарын жүргізді, - дейді Динара Раимқанқызы.

Сондай-ақ сәуір айының 15-20 аралығында ауылдағы Советская көшесінің бойындағы көпір де қалпына келтірілген. Аудандық бюджеттен бөлінген 3 500,0 млн. теңгеге "Шығыс жол" ЖШС диаметрі екі метрлік бетон су өткізгіш құбыр орнатып, бетіне жол төсемін төсеген.

- Әуезов көшесіндегі көпірді жөндеу мақсатында "Ақжол" шаруа қожалығының басшысымен меморандум жасалған, - деп қосты ауыл әкімі. - Жөндеу жұмыстарын аталған қожалық биылғы жылдың қыркүйек айында бастайды деп жобаланған.

Аталған көпірді қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға 3 млн 800 мың теңге бөлу жөніндегі сұраным бюджеттік комиссияға тамыз айында жолданып қойған.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, жергілікті билік көпірді жөндеуге ниетті екендігін білдірді. Тек мәселе бюджеттік комиссияда шешілсе болғаны. қажетті қаржы мөлшері бөлінсе, соңғы көпір солоновкалықтар игілігіне әп-сәтте берілері анық. Тек мәселе сағызша созылып, соңы сан қиырланып кетпесе болғаны. Ендеше, әліптің артын күтейік.

Газет беттеліп жатқанда

Солоновка ауылына қайтара хабарласқан бізге ауыл тұрғындары қыркүйекте жөнделеді деген көпірдің әлі де сол қалпында тұрғанын айтты.

Ерлен ОСМАНОВ