Катонқарағайлық боксшы ел чемпионаттарында жүлдегер атанып келеді

1565
көрілім

Аудан мақтанышына айналған Ілияс Нұрмұхамбетов алдағы аламандарға әзірлігін жалғастыруда. Қ.Дамитов атындағы орта мектебінде білім алатын талантты спортшыдан жерлестері зор үміт күтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Ол талантты, ең бастысы, өте еңбекқор бала. Қаршадай ғана жасынан Жарас Жақбаровтың бокс залына аяқ басқан ол арадағы алты-жеті жылдың ішінде ауданымыздың намысын әуелі облыстық, ал қазіргі күні республикалық көлемдегі ірі жарыстарда қорғап, жүлдегерлер қатарынан түскен емес» дейді жерлестері.

Мәселен, өткен жылдың желтоқсанында үлкеннарындық жас боксшы, он бес жастағы Ілияс Нұрмұхамбетов жасөспірімдер арасында Қарағандыда Олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің жүлдесіне арналған аймақтық біріншілікте өз салмағында чемпион атанғанда катонқарағайлықтар бөркін аспанға бір атса, араға екі ай салып, 14-20 қаңтар аралығында Талдықорғанда жалауын көтерген ел чемпионатына күміс медальді олжалап қайтты. Кіл мықтылар қатысқан сайыста Ілияс алдымен Оңтүстік Қазақстан өңірінің былғары қолғап шеберлерімен кездесулер өткізсе, финалдық айқаста Жамбыл облысының спортшысымен қолғап түйістірді.

- Чемпионат өте тартысты өтті. Мықты спортшылар көп келді, сол себепті, бәсекелестік те қызу болды. Ешкім аянып қалмауға тырысты. Мен жаттықтырушым жүктелген тапсырмаларды, қолданылатын айла- тәсілдердерімізді жарыс барысында көрсетуге тырыстым. Бұндай жарыстар біздерге жүлдеден бұрын үлкен тәжірибе жинақтауға сеп. Осындай ауқымды чемпионаттарға қатысуға мүмкіндік беріп, бойымдағы спортқа деген қабілетімді шыңдаған жаттықтырушымы Жарс Жақбаров ағама, қай кезде болсын тақымын қысып, мен үшін жанкүйер болып отыратын ата-анама, ұстаздарым мен сыныптастарыма, достарыма, аудан тұрғындарына алғысымды білдіремін, - дейді Ілияс Нұрмұхамбетов.

Ілиястың тәлімгері, ауданымыздан шыққан талай тарланның бағын ашып, спортқа баулыған жоғары деңгейлі жаттықтырушысы Ж.Жақбаровқа, оның ата анасы мен білім алып жатқан Қ.Дамитов атындағы орта мектеп ұжымына шәкірттеріңіздің алған жүлдесі құтты, жетер жеңістері мен алар асулары көп болсын дегіміз келеді.

Тимур Смағұлов,

Катонқарағай ауданы