Катонқарағайлық палуан жастар арасында екі дүркін ел чемпионы атанды

10522
көрілім

Кеше кешкі сағат 18:30-да басталған финалдық кездесу екі палуан үшін де маңызды әрі көрермен ерекше ықыласпен күткен белдесулердің бірі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сонымен еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионаты. Өскемен қаласы. Чемпионаттың екінші күні үш салмақта үздіктер анықталды. Алдымен 65 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегерлер есімі белгілі болды. Мұнда қола жүлденің екеуі де алматылық палуандарға бұйырды. Яссауи Мұхтарұлы мен Әуез Сейтбаев кіші финалда барын салып, қарсыластарынан ұпай санымен басым түсті. Шешуші сында қарағандылық Әділ Оспанов пен шымкенттік Бекзат Ермекбай жолығып, айқын басымдықпен Әділ жеңіске жетті.

Бірден марапаттау рәсімі өтіп, іле 70 келі салмақта қола жүлдегерлер анықталды. Бұл жерде жерлесіміз Әсет Бауыржанов қола медаль үшін болған кездесуде алматылық Қуаныш Дүйсенқұлға есе жіберді. Белдесу 2:1 есебімен аяқталды. Дегенмен қатарлас кілемде шығысқазақстандық тағы бір палуан Самат Қалтаев сенімді өнер көрсетіп, Қызылорда облысының өкілін уақытынан бұрын ұтты. Есеп 10:0! Қола жүлде қоржында. Енді финал.

Нұрсұлтандық Санжар Досжанов пен катонқарағайлық Досжан Әсетов асықпай, аптықпай бозкілемге беттеп келеді. Екеуі де жинақы. Іштей өздерін қайрап, алдын ала белдесу жоспарын құрып, ой иіріміне түскендей. Былтыр Өскеменде өткен 23 жасқа дейінгі ел чемпионатының шешуші сынында тап осы спортшылар жолыққан еді. Сол бәсекеде Досжанның асығы алшысынан түсіп, таза жеңіске жеткен-тұғын. Араға жыл салып, қос палуан финалда қайта жолықты. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің іші тым-тырыс. Бұл кездесуді асыға күткендері сөзсіз. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қаз-қатар тізіліп отырған сайысқа қатысушылар да бір сәт сілтідей тынған. Төреші ысқырығынан соң алдымен барлап, аңысын аңдып бақты. Досжан былтыр Санжарды іштен іліп алып, асыра лақтыру әдісімен ұтқан болатын.

Таблодағы уақыт 30 секундты көрсеткенде Әсетов аяққа өтуге оқталды, алайда әрекет нәтижесіз. Біртіндеп белдесу қарқыны арта түсті. Кенет қарсылас шабуылға шығып, батыл әрекетке көшкенде Досжан қарсы әдіс жасап, Санжардың артына өтіп үлгерді. Төреші екі саусағы жазылып, үшеуі бүгіліп тұрған күйі сол қолын көтерді. Яғни екі ұпай берілді. Қас пен көздің арасында қарсыласын қапсыра құшақтап, төрт мәрте айналдыру әдісінің нәтижесінде таблодағы көрсеткішті 10:0-ге жеткізді! Айқын жеңіс! Былтырғы финалмен қоса, Әсетовтің жеңісті жолы да жалғаса түсті.

– Жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Қойылған мақсат – чемпион атану еді, Тәңірі медет беріп, жеңіске жеттік. Барлығы бес белдесу өткіздім, соның ішінде, алғашқы айналымда біршама тер төгуге тура келді. Сәл қол-аяғым еркін қимылдауыма ырық бермей, Ақмола облысының палуаны біраз қиындық туғызды. Әрі қарай өз күресімді тауып, қарқын ала бастадым. Финалда белдескен спортшымен осыған дейін үш рет кездескен шығармын, соның екеуі менің пайдама шешілді. Іштен іліп лақтыратын әдісімді де жақсы біледі, сондықтан күрес мәнерін өзгерткім келді, – дейді Досжан Әсетов.

Досжан Әсетов пен Самат Қалтаев

Екі дүркін ел чемпионы атанған жерлесіміз Катонқарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылының тумасы. Осы жеңісінің арқасында еліміздің жастар құрамасы сапынан ойып тұрып орын алды деуге сенім мол. Бәлкім, алда болатын Әлем чемпионатында 70 келіге дейінгі салмақта Әсетовке сенім артылар. Дегенмен ол уақыт еншісінде. Жеңіске жетелеген жеке бапкері Ернар Омаров пен талай мықтының томағасын сыпырған Асқар Мұқашевқа алғысын жеткізді. Айтуынша, осы жарыстан соң Шымкент қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына жол тартады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ,

фотосуреттер автодікі