Қазақстанда 500 теңгеден 20 000 теңгеге дейінгі барлық банкноттарды ауыстыру жоспарлануда

402
көрілім
Фото: triptonkosti.ru сайтынан

Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанда жаңа «Сақ стилі» сериясының 5 мың теңгелік банкноты қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ұлттық банк хабарлағандай, осы сериядағы банкноттардың барлық номиналдарын кезең-кезеңімен шығару жоспарлануда.
- 2024 жылдың жазында номиналы 10 000 теңгелік банкнот шығарылады. Аталған серия аясында 2025 жылдың соңына дейін 500 - 20 000 теңгелік банкноттардың барлық номиналдары кезең-кезеңімен енгізілетін болады, - делінген Ұлттық банктің Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.
Жаңа дизайндағы банкноттар шығарылғаннан кейін бұрынғы дизайндағы банкноттар қолданыстан кезекпен шығарылады.
Ұлттық банк ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың параллель айналым мерзімін 1 жылға белгілейді. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Параллель айналым кезеңінде ескі және жаңа банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және төлем мен аударымдардың барлық түрлері үшін жарамды. Ұлттық банк, «Қазпошта» және екінші деңгейлі банктердің барлық бөлімшелерінде шектеусіз айырбасталады, - деп хабарлады Ұлттық банк.
Параллель айналым кезеңі аяқталған соң барлық банктер мен «Қазпошта» ескі банкноттарды тағы 3 жыл жаңасына ауыстырады. Осы кезеңнен кейін Ұлттық банк филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды шектеусіз айырбастауды жалғастырады.

Қымбат МУХАМАДИЕВА