Кенеден сақтану үшін не істеу керек

85
көрілім
ашық дереккөзден

 Алматы қаласының іргелес аумақтары – кене энцефалиті мен кене боррелиозы сияқты инфекциялық аурулар қоздырғыштарының тасымалдаушысы болып саналатын иксодті кенелер жиі кездесетін эндемиялық аймақ деп хабарлайды  Buqara.kz  сайтынң тілшісі ҚазАқпартқа сілтеме жасап.

Бұл ретте кенеден сақтану және табиғатқа шығар кезде қалай дұрыс киіну қажеттігі жөнінде Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтып берді.

Қаланың бас санитар дәрігері кенелер ерте көктемнен күздің соңғы айларына дейін белсенді, ең жоғары белсенділік кезі мамыр, маусым айларында болатынын айтты. Себебі бұл кезеңде олардың саны өседі. Жалпы, кенелердің белсенділігі көбінесе ауа райының жағдайы – температура мен топырақтың ылғалдылығына байланысты болады. «Өткен жылы қалалық медициналық ұйымдардың травматологиялық пункттеріне кене шағудан зардап шеккен 2467 адам, оның ішінде 1292 (52,3%) бала медициналық көмекке жүгінген. Барлығына дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, көрсеткіштері бойынша кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізілді.

 

Кене энцефалитінің 3 жағдайы, кене боррелиозының 4 жағдайы тіркелді», - деді Қасымхан Алпысбайұлы. Кененің белсенді маусымында кене энцефалитінің табиғи ошағына барған кезде (тау, орман, қала маңында орналасқан демалыс орындары және т.б.) эпидемиолог кененің шағуын болдырмау бойынша келесідей сақтық шараларын сақтау қажет екенін айтты: - жеңі ұзын, манжеті білекке тығыз жабысып тұратын, кене тез байқалатын біріңғай және ашық түсті киімдер киіп, шалбардың етегін шұлыққа, етікке, киімнің жоғарғы бөлігін шалбарға салу, басқа орамал, қалпақ, капюшон кию қажет; - кенелерге қарсы заттарды – репелленттерді қолдану қажет; - киімді, денені және заттарды жиі тексеру, үйге оралған кезде киім мен денені кенелердің бар-жоғын мұқият тексеру қажет.

 

Кене шағып алған жағдайда мүмкіндігінше ертерек (кене шаққан соң 4 күннен кешіктірмей) медициналық мекемелердің (травматологиялық пункт) көмегіне жүгіну керек, онда білікті медициналық көмек көрсетіліп, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізіледі. Алматыда келесідей медициналық ұйымның травмотологиялық пункттерінде кене шағудан зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіліп, кене энцефалитіне қарсы иммноглобулин егу жүргізіледі: - Орталық қалалық клиникалық ауруханасы (Жандосов көшесі, 6); - Шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасы (Казыбек би көшесі, 96); - №4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220); - №7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман шағын ауданы, Райымбек даңғылы, 20); - Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы (Манас көшесі, 40). Кене энцефалиті – орталық және перифериялық жүйке жүйелерінің зақымдануымен сипатталатын иксоидті кенелерден туындайтын вирустық ауру. Ол ауыр асқыну туғызады. Аурудың салдары одан толығымен сауығу немесе денсаулығының нашарлауымен мүгедектікке, өлімге әкелуі мүмкін.

 

Аурушаңдықтың инкубациялық (жасырын) кезеңі 1-күннен 30 күнге дейінгі аралықта, көбінесе 7-14 күнге созылады. Қалтырау, қатты бас ауруы, температураның 38-39 градусқа дейін күрт көтерілуі, жүрек айнуы, құсу белгілері пайда болады. Көбіне мойын мен иықта, кеуде және белде, аяқ-қолдарда бұлшық ет ауырсынуы мазалайды. Адамдар аурушаңдықты кене шаққанда немесе шаққан жерін тырнағанда, кейде ауру жұқтырған ешкі немесе сиырдың шикі сүтін ішу арқылы жұқтырады. Кене энцефалитін орманда, саяжайларда, бау-бақша учаскелерінде, басқа адамның киімінен, мысық, иттерден, саяжайдан әкелінген гүл шоқтарынан, сондай-ақ, көлікте кененің басқаларға жорғалауы арқылы жұқтыруға болады. Кене энцефалитін алдын алудың тиімді әдісі – оған қарсы вакцина алу. Екпені дәрігердің кеңесінен соң тұрғылықты жері (немесе тіркелген жері) бойынша емханадан алуға болады.