Көкпекті ауданына жаңа әкім тағайындалды

1079
көрілім
Шартты фотосурет - Patrul.kz сайтынан

Көкпекті ауданының әкімі болып Асхат Смаилов тағайындалды. Ол бұған дейін Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа басшыны аудан активіне облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков таныстырды. Асхат Сайдахметұлы 1968 жылы 1 наурызда Семей облысы Ақсуат ауданы Қызыл Кесік ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1994 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің кірістер түсуін болжау және экономикалық талдау бөлімінің аға экономисінен бастаған. Кейін Тарбағатай аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, сондай-ақ, бюджет бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2002-2005 жылдар аралығында Тарбағатай аудандық экономика бөлімінің, кейін аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің бастығы болды. Екі жыл Тарбағатай аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы лауазымында қызмет етті. 2009 жылдың желтоқсанында Көкжыра ауылдық округінің әкімі міндетіне тағайындалды. Соңғы 8 жылда Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.