Күршім ауданында «Оралханның көктемі» халықаралық фестивалі болып өтті

1533
көрілім

Күршім ауданының орталығында белгілі әнші-сазгер Оралхан Көшеровке арналған «Оралханның көктемі» атты халықаралық фестиваль болып өтті. Шығыстың Шәмшісі атанған Оралханның әндерін әуелете шырқауға еліміздің танымал әншілері мен Қырғыз Республикасынан, Ресей мен Моңғолиядан өнерпаздар қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күршім ауылындағы «Сарытау» стадионында өткен фестивальге келген меймандардың легі аз болған жоқ. Жаны жайсаң күршімдіктер мен аудан қонақтары Оралхан Көшеровтың әсем әндерін шынымен сағынған екен. Осындай халықаралық фестиваль Күршім ауданында тұңғыш ұйымдастырылып отырғанын атап өту керек. Аудан аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев шараның шымылдығын өз сөзімен ашты:

– Құрметті өнер сүйер қауым, қадірлі қонақтар! Халқымыздың ән өнерінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Оралхан Көшеров тек Шығыстың ғана емес күллі қазақтың мақтанышы. Бұл фестивальдың басты мақсаты – Оралханның тәрбиеге толы сазды әндерімен жұртшылықты сусындатып, жас ұрпақты елді, жерді сүюге баулу. Сондықтанда бүгінгі шараның рухани-мәдени мәні өте зор, — деп құттықтады аудан әкімі.

Фестивальге қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен Ресей, Моңғолия, Қырғыз Республикасы елдерінің өнерпаздары қатысты. Олардың өнеріне тәнті болған дүйім жұрт Оралханның әндерін «Жабыққан сәтте қас қағым» деп бірге шырқады. Жалпы кеш барысында Оралхан Көшеровтың 40-қа жуық әні орындалды.

– Атақты сазгердің ән кешіне қатысқанымызға қуаныштымыз. Фестиваль өте үлкен деңгейде өтті. Қазақ халқы бізде кең ықыласымен құшақ жая қарсы алды. Біз Оралхан Көшеровтың «Достарға», «Сағынбау сені мүмкін бе» деген әндерін орындадық. Белгілі композитордың фестивалі осымен тоқтамай, ары қарай да жалғасын табады деген үміттеміз, – дейді Қырғыз Республикасынан келген өнерпаз Расул Асанғазиев.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ