Күршім ауданының Топтерек ауылына баратын жол қалпына келтірілді

977
көрілім

Бүгін Күршім ауданының Топтерек ауылына апаратын уақытша айналма жолдың құрылысы аяқталып, көліктер жүре бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, 26 наурыз күні күннің күрт жылынуынан жылдам еріген қар суы Топтерек ауылына 4 шақырым жердегі көпірдің бетон құрылысын шайып кеткен болатын. Салдарынан аталған елді мекенмен қатынас үзілді. Жергілікті атқарушы билік дереу айналма жол салу жұмысын бастап кеткен. Тиісті жұмыс аяқталды.   
– Уақытша салынған айналма жолдың ұзындығы 140 метр. Ортадағы өткелге су өткізетін екі құбыр қойылды. Екі құбыр арқылы қар суы қалыпты мөлшерде ағып жатыр. Судың деңгейі алғашқы тасқын кездегіден төмен. Өткелмен қауіпсіз жүру үшін барлық жұмыс атқарылды. Сол сияқты тиісті жол белгілері де орнатылған. Ал қираған көпірге қарай жүретін жол әзірге жабылды, – дейді Күршім ауылдық округінің әкімі Ерлан Нұрсоветов.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, уақытша жол құрылысына ауданның коммуналдық мекемесінен және басқа да мекемелерден барлығы бес «Камаз» көлігі, екі экскаватор, екі жүк тиегіш техника жұмылдырылған. Айналма жолды салуға шамамен 300-ге жуық «Камаз» қиыршық тас төгілген.
Айта кетейік, Топтерек ауылында барлығы 57 түтін бар, онда 145 адам тұрып жатыр.