Күршім ауданының тұрғындары бастауыш мектептің жабылатындығына наразы

818
көрілім

Күршім ауданы Оң жақ Қалжыр ауылындағы бастауыш мектеп жабылайын деп жатыр. Бұл әкімдіктің шешімі. Алайда бұған жергілікті тұрғындар келіспейді. Бұқара.кз сайтының редакциясына хабарласқан бір топ ата-аналар «бастауыш мектеп жабылса көшуге дайынбыз» дейді. Ал Күршім ауданында аудан халқының онсызда жылдан жылға азайып келетіндігі белгілі.

Жабылса мектеп, қалаға кетпек

– Балаларымыздың Оң жақ Қалжыр ауылындағы бастауыш мектепте білім алып жүргеніне бірнеше жыл болды, – дейді Әсел Дүйсенбаева (аты-жөндері толықтай өзгертілген), – Оқу сапасы көңілімізден шығады. Ешқашан ешкімге шағым білдіріп көрген емеспіз. Әкімдіктің осы білім ордасын жабатындығы жайлы шешімін естігенде жағамызды ұстадық. Біз бұған келіспейміз!

Бастауыш мектепте 20 бала оқиды екен. Енді оларға білім нәрімен сусындау үшін басқа ауылға баруға тура келеді. Ата-аналар қыстың аязды күндері мен ақтүтек боранда мұның тіпті мұңға айналатындығын айтуда.

«Боранға барамыз деп боранда қалмасын»

– Әкімдіктегілер бүлдіршіндерді Боран ауылындағы мектепке автобуспен тасымалдайтындықтарын жеткізді. Дегенмен сол ауылдағы Қалжыр өзенінен өтетін көпірдің жағдайы мүлде сын көтермейді. Қылышын сүйреткен қаһарлы қыста автобус бұл көпірден қалай өтпек? Біз балаларымыз үшін уайымдаймыз, – дейді Сандуғаш Жандарбекова.

Ауыл тұрғындары бастауыш мектеп жабылса қалаға көшейін деп отырғандықтарын айтты.

– Егер наразылығымызға билік басындағылар құлақ түрмесе көшуге дайынбыз, – дейді Әсел Дүйсенбаева, – Себебі осы мектеп жалғыз жұбанышымыз еді. Оның орнына қандай мекеме ашылатындығын сұрағанымызда «Ауыл клубы» деген жауап алдық. Бізге клубтың қажеті шамалы.

Талапқа сай емес

Мәселенің анық-қанығын білу үшін Күршім ауданының әкімдігіне ресми сұраухат жолдадық. Аудан басшысының орынбасары Қайрат Әзімбаевтың айтуынша, Оң жақ Қалжыр ауылындағы бастауыш мектеп ғимаратының жағдайы заң талаптарына сәйкес келмейді.

– Бұл мектеп 1991 жылы салынған, – дейді ол, – 3 бастауыш сынып мұғалімі еңбек етеді. Қалған пән оқытушылары (орыс тілі, ағылшын тілі, дене шынықтыру және музыка) ауыл іргесіндегі Қ.Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназиядан келіп сабақ береді. Бұдан бөлек, білім ордасында 5 қамту қызметкері жұмыс істейді.

Жауапты тұлғаның сөзіне сенсек, бастауыш мектепте спорт залы, асхана мен буфет, жаңа модификацияланған кабинеттер жоқ. Мектеп ғимараты мен сынып бөлмелері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №611 бұйрығымен бекітілген Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қағидаларына сәйкес келмейді.

– Қазіргі жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде оқушылардың алған білімдерін өмірде пайдалана білу, олардың функционалдық сауаттылығы мен танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше оқуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етуге бағытталып отыр. Осы орайда бастауыш сыныптан бастап әр сабақ пәні кабинеттік жүйеде өткізілуі тиіс. Оң жақ Қалжыр бастауыш мектебінде бұл жүйені іске асыру мүмкін емес. Себебі дене тәрбиесімен шұғылдануға арналған зал, асхана, медициналық қамтамасыз етуге арналған бөлмелер жоқ. Аталмыш мектептің оқушылары тамақтануға Боран ауылындағы Қ.Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназияға күн сайын қатынайды, – дейді Қайрат Зайнолдабекұлы.

2018 жылдың желтоқсан айында аудан әкімі Оң жақ Қалжыр ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіпті. Сол шарада жұртқа түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

– Қ.Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназияда барлық материалдық-техникалық жағдай жасалған, – дейді Қайрат Әзімбаев, – Былтырғы жылы робототехника кабинеттері жабдықталды. Сонымен қатар 2018 жылдың 1 қыркүйегінде IT сыныптар іске қосылған. Оң жақ Қалжыр бастауыш мектеп оқушыларының осы білім ордасында оқуы – үздік білім беру ресурстары мен технологияларын пайдалануға, коммуникативтік және кәсіптік құзыреттілікті дамытуға қол жеткізуге мүмкіндігі болмақ.

Бүлдіршіндер бұл мектеп-гимназияда оқыған жағдайда оқушыларды тасымалдауға арналған арнайы көлік сатып алынбақ.

Көпір күрделі жөндеуден өтпек

Күршім ауданы әкімінің орынбасары Боран ауылындағы көпір мәселесі жайлы да жауап берді. Оның айтуынша, бұл көпірді күрделі жөндеуден өткізуге арнайы сметалық құжаттама даярланған.

– Қалжыр өзенінен өтетін көпір 1964 жылы салынған, – дейді шенеунік, – Соңғы рет 1992 жылы күрделі жөндеуден өткен. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті қаржы бөлу мақсатында Күршім ауданының экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өтінім жіберілді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ