Құжат сұрауға құқы жоқ

403
көрілім

Бөбегін балабақшаға тапсырып, күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде кететін оқырмандарымыз көп жағдайда өз міндеттері мен құқықтарын білмей жатады. Мектепке дейінгі мекеме әкімшілігінің берген келісім-шартын үйге әкеліп, сөреде ұмытатын олар қолдарындағы құжатты парақтауды тіптен ойламайды. Осының нәтижесінде тығырыққа тіреліп, көмекті өзгеден іздеп жататын оқырмандарымыздың бірі жақында газет редакциясына хабарласқан еді…

Балабақшада тәрбиеленетін баласына тиесілі 60 күндік ақысыз демалысы барын жақында ғана білген оқырманымыз мектепке дейінгі мекемеден осы күндерді алмақ болып барғанда бір келеңсіз жайға тап болған екен. Атап айтсақ, балабақша қызметкері ата-анасының бірінің жұмыс орнынан жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына шыққандығын растайтын бұйрықтың көшірмесін әкелуді талап еткен. "Басқа балабақшаның бірінде жоқ осындай талапты біздің балабақшаның қайдан алатынын білмеймін" деген оқырманымыз мекеме басшылығына жүгінгенімен мәселенің түбіне жете алмаған екен.

- Мектепке дейінгі мекеме басшысы Қазақстан Республикасы үкіметінің "Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидалары" қаулысымен бекітілген жалпы ережесін басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды, - дейді облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмәділова. - баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде ата-анасын немесе заңды өкілдерін жарғымен, қабылдау тәртібі мен оқыту-тәрбиелеу үрдісін және медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібін реттейтін құжаттармен таныстырады, ата-аналармен немесе заңды өкілдерімен шарт жасасады. Ал балаға тиесілі ақысыз демалыс күндерін алған кезде мектепке дейінгі мекемеге ата-аналардың жұмыс орнынан еңбек демалысына шығу туралы бұйрықтың көшірмесі талап етілмейді. Яғни, демалыс ата-ананың жазбаша өтініші бойынша ғана беріледі.

Құзырлы мекеме басшысының айтуынша, балабақша басшысы мен ата-аналар арасындағы өзара қарым-қатынас баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде жасалатын шартпен реттелетін көрінеді. Бала ауырып немесе медициналық, санаториялық-шипажай ұйымдарында емделген кезде ғана арнайы анықтама талап етіліп, ал ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуіне еңбек демалысы берілгенде оны растайтын құжаттың сұралмайтынын алға тартқан лауазымды тұлға, аталмыш мәселелердің мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларының 10-тармағына сай реттелетінін айтады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда бүлдіршіннің орны:

  • бала ауырып қалғанда;
  • бала медициналық, санаториялық-шипажай және өзге де ұйымдарда емделген және сауықтырылғанда;
  • ата-анасына немесе заңды өкілдерінің біреуіне еңбек демалысы берілгенде (жазбаша өтініш ұсынған жағдайда);
  • бала жаз маусымында екі айға дейінгі мерзімде сауықтырылған жағдайларда сақталады.

Ерлен ОСМАНОВ