Марқакөлдің мәрт сынықшысы – Рахат Сәдібаев

4243
көрілім
Сынықшылар турасында андыздаған аңыздар мен әңгімелер аз болмаса да, ел ішінде оларды жиі кездестіре бермеуіңіз мүмкін. Солардың бірі – бұрынғы Марқакөл ауданы Қалжыр ауылының тумасы Рахат Сәдібаев. Туа бітті қарапайым, мақтанды жөн көрмейтін мәрт ағамыздан сыр тарту қиын болса да, сынықшылық жайлы әңгімелесудің реті келді. Атадан қалған асыл қасиеттен ақша табуды ар санаған Рахат Сәдібаев небір күрделі жарақаттарға жан бітірген. Адалдығына қанық, емшілігіне көзі жеткен ағайынның айналып кеп Рақаңды табатыны да сондықтан.

Сәдібайдан қалған сынықшылық

Сынықшылық қасиет Рахатқа атасыСәдібайдан дарыған. Заманында ат жаратып, құс салған, ат үстінде шапқан күйі жортқан аңды атып түсіретін аңшы Сәдібай ел ішінде аты шыққан сүйекші де (сынықшы) болған адам. Сол замандағы туыстық қарым-қатынастың жазылмаған ережесіне сай, тұңғыш немерені атасы мен апасы бауырына салып алатын. Рахат та атасы Сәдібайдың бауырында өскен. Даланың кеңдігін кеудесіне сыйдырған қария немересін өзі тәрбиелеген екен.

Бір жері ауырсынып, не кездейсоқ жағдайда қол-аяғы сынып қалғандар «Әй, Сәбең» деп біздің үйге жететін. Балалығымыз ба, атамның ем-домына баса мән бермейтінбіз. Ол емдеп жатқан науқастың қолын не аяғын ұстап жіберуін өтінетін: біз ұстаған болсақ та, кетіп қалғымыз келіп тұратын. Ауылда жүргенде сынықшы боламыз деп ойладық па?! Аң аулап, мылтық атып, түлкі, қарсақ алдық, – дейді Рахат аға. – Қазір ойлап қарасам, маған атамның сынықшылығы мен мергендігі дарыпты. Мектептен соң әскерге барып борышымды өтеп келіп, еңбек еттім. Негізгі кәсіби мамандығым – механизатор. Үйленген алғашқы жылдары жұбайымыз екеуміздің комсомол бригадасында қой баққан кезіміз де болды.

Жас жігіттің емшілік ебі сол кезде-ақ байқала бастаған. Ақсақ-тоқсағы бар отарлы мал бағудың азабы да оңай емес. Малдың көзін шел басса, аяғы сынса Рахат бірден емдей қояды екен. Кеңшардың малынан шығын шыққанда Рақаңның малы тайлы-тұяғына дейін бүп-бүтін есептен өтіп тұратын көрінеді. Малдәрігерін қажет етпейтін шопан жігіт туралы «Коммунизм туы» газетінде де (қазіргі «Дидар» газеті) мақтаулы мақала жарияланған.

Рақаңның сынықшылық қасиетінің алғаш байқалғаны туралы әңгімесі қызық. Бірде елуді еңсерген бір жігіт ағасы моншада абайсыз құлап, иығын шығарып алыпты. Ауыл болып әлгінің иығын ешкім сала алмаған. Осы тұста жарақаттанған адам «Сәбеңнің немересін шақырыңдар» демесі бар ма!.. Мұны естіген Рахат орнынан шоршып түсіпті. Көзімен көргені болмаса, сүйек салу түгілі сүйел жазып көрмеген азамат өтініштен бірден бас тартқан. Алайда әлгі адам «бір келсе, иықты салу Сәбеңнің немересінің қолынан келер» деп екінші рет шақырғанда Рақаң үлкеннің сөзін жерге тастай алмай, амалсыздан барған.

Иықтың шығып кетуін бірінші рет көруім. Иық орнынан тайқып кеткенде қол салақтап қалады екен. Тартынғаныма қарамай, ағам «сенің атаң сынықшы болған, сенің де қолыңнан келеді» деп болмай қойды. Жарақат жанына батып барады ғой. Туысы, құда-құдағиы, көрші-қолаңы бәрі оның үйінде шу-шу етіп алаңдап жүр. Баяғыда атам иықтың тұсына жастықты бастырып қойып, бақыртып жататын. Соны есімде қайта жаңғырттым да, қолын икемдеп, иығының үстіне жастық салдым, – деп еске алады алғашқы ем жасағанын Рахат. – Содан сенсең – сен, сенбесең – қой, қолын абайлап байыппен ұстап отырғанда сүйектері сатыр-сұтыр етіп орнына түсе қалды. Ағамыз «Алла-ай» деп ауырсынғанда біз «ойбай» деп шу ете түстік. Өзім де қорқып қалдым. Алла тағаланың құдіреті шығар, иық орнына түсіп, түп түзу бола қалды. Қойшы әйтеуір, үйдегілер «мертік асын» беріп, қонақ қылып қайтарды. Әлгінде ғана қатты ауырсынып отырған ағамыз қарқ-қарқ күліп, сол күні-ақ орнынан тұрып кетті. Ол кезде мен жиырма алты жаста едім.

Сынықшы туралы әңгіме сол күні-ақ бүкіл ауылға шарлайды. Ақкөңіл азамат әу баста көп адамның меселін қайтаруға тырысқанымен, жаны қиналған ағайынға қолұшын бермей тұра алмапты. Емі үшін елден ақы сұрау – ұят. Рахат аға сынықты емдеуге епті болып шықты. Айтуынша, саусақтары сүйектің қисаюын, сынықтың ұшын сезетін көрінеді.

Астанаға аттай қалап алдырған

Рахаттың ел ішінде «сынықшы» аты шығып жүргенінен хабардар болған сол кездегі аудан орталығы Теректінің бір топ дәрігерлері мен құқық қорғаушылары артына шам ала түскен екен. Бірде оны партком хатшысы шақырады. Ол кезде «партком шақырыпты» деген сөзден адамдардың зәресі ұшатын, өйткені ол «партиядан шығарам» десе, КПСС мүшесі үшін бұл – масқара-тын. Сондағы билік басындағылар Рахатты «адамдарды алдап жүрген алаяқсың» деп айыптаған екен.

Барсам, партком мүшелері мені түтіп жегелі отыр екен. Маған да жан керек, біреу-міреу жарақаттанғанда бірінші көмек жасалуы керектігін дәлелдеп әлекпін. Ойлап қарасам, біреуден бие немесе түйе бұлдағаным жоқ. «Қой» десе де халықтың маған келуін қоймайтыны тағы бар. Ақыры әлгілер мүйіздеп-мүйіздеп, «партбилетті үстелге қой» деп бұйырды, – дейді Рахат аға. – Содан аузыма Құдай салды ма, әлгі жерде «Аға, сіздің де қолыңыз сынғанда сүйегін орнына салып берген жоқпын ба!?» деп сұрақты біреуіне тіке қойдым. Айтқан адамымның сынған қолын жазып бергенім бар. Әлгі ағамыздың «апыр-әй» деді де, үні өшті. Жанындағылар «қап, ұсталдың-ау» деп күліп жатыр. Содан кейін әлгі аға «Әй, Раха, халыққа да сендей адам керек. Ақырындап ешкімге білдірмей жүре берсеңші» деді. Білдірмеу деген болмайтынын, аяқ астынан жарақат алғандар менен көмек сұрап үздіксіз келіп-кетіп жататынын айттым. Содан «Жарайды, бара бер» дегенде әйелім ұл тапқандай қуандым. Сөйтіп партбилет өзімде қалды.

Осыдан бастап Рахат сынықшылыққа «ашық» бет бұрады. Кейде ауыр жарақат кездескенде дәрігерлер онымен ақылдаса бастаған. Бертіндері облыстық травмотология бөлімінің меңгерушісі Құмархан Мұқажанов Өскемен қалалық ауруханасына хирург, Серік Мұхадиев сол кездегі Марқакөл аудандық ауруханасына жұмысқа шақырғанымен, Рахат аға бәрінен бас тартқан. Қарапайым мінезді азамат абыройлы жұмысты қалап алмағандығына өкінбейтіндігін айтады.

Рақаңның жанына шипа іздегендерді емдеп, ақ батасын алған кезі өте көп. Бірде абайсызда тиген трос Мұхтар Сағанақовтың (қазіргі уақытта Ақбұлақ ауылының әкімі) аяғын артына бір-ақ қайырып тастапты. Мұхтардың медбике әйелі уайымдағаннан тыныштындыратын дәріні сала беріпті. Содан тәуекел деп тас жұтқан Рахат оның аяғын орнына салып берген. Сынықшы Мұхтарды Теректіге жолға салмас бұрын облыс орталығына барып қаралуды ұсынған. Бір уақытта Теректіге кеткен көлік қайта ауылға оралып, сигнал беріп тұр екен. …Сөйтсе теректілік дәрігерлер Мұхтардың аяқ сүйегі орнында екенін анықтаған. Содан Мұхтар екі айда қайтадан атқа мініпті.

Тағы бірде Қаныша деген әйелдің таңертең малдарынан қан алдырып жатқанда аяғына оралған жіп ортанжілігін үзіп кетіпті. Сынықшы оны да жазып берген. Қаныша да екі айда жүріп кеткен. Тіпті Рахатты Астанадан аттай қалап алдырған адамдар бар. Жол апатына ұшырап сегіз қабырғасы сынған, тыныс ала алмай жатқан адамды алты күннің ішінде аяғынан тік тұрғызған да – осы қолының шипасы бар Рақаң.

Біреулер мені «күл болған сүйекті салып жібереді екен» деп мақтауымды асырып жүр. Ол бекер. Кейбір газеттерден сынықшылардың 5-6 жыл болған сынықты қайта салыпты дегенін оқимын. Ол да шындыққа жанаспайтын ақпарат. Сынық қисық біткенде, екінші жағында шеміршек қатып қалады. Жә, жылқының майымен қисық біткен сүйекті жібітіп, қайта сындыруға болар, бірақ, шеміршектің үстіне қалай жалғайсың?! Салынбайды ғой. Оны дәрігерлер ота жасап, шеміршекті қырып, салып бере алады. Үгітілген сүйекті Құдайдың құдіретімен дәрігерлердің біліктілігімен ғана қайта қалпына келтіруге болады. Күп болып ісіп кеткен еттің ішінен үгітілген сүйекті қалай табасың?.. – дейді сынықшы аға.

Баба қасиетінен байлық іздемейді

Қырық жыл сынықшы болған ағамыздың қан қысымы, остеохандроз, артроз сынды ауру түрлерін емдеуге де қауқары бар. Лоңқа салып, қандауырмен шертіп адамның басынан қан да алады. Қан алғанда кез келген адамның жазылатыны да шындық. Рахаттың айтуынша, нақты қан алатын орындысаусақпен басып-басып арқаның буын-буынын, жауырынды тексеріп біліп алу керек. Содан ауырған тұсқа лоңқа төңкереді. Ет пен терінің арасында сарысу, арам қан жиналады да, қан айналымы дұрыс жүрмей қалады. Ағзада арам қан көбейер болса, жіңішке тамырларды бітеп, варикозға соқтыруы мүмкін. Бұл өте қауіпті. Арам қанды алмағанның кеселінен бастың ішкі қан қысымы күшейіп, мойын остеохондрозымен адамдар инсультқа ұшырап жатады. Қанның ағысының баяулауы қысымға ұшыратып, үлкен тамырларға түскенде ми тамырлары жарылып кету қаупі өте жоғары.

Сынықшылық қасиетті пайданың көзіне айналдырмау керек. Адамдарды емдеген кезде дәрігерлік қағидаларды да сақтауға тырысамын. «Әкесі өлгенді де естіртеді» демекші, әрдайым шындықты айту керек. Алдыма келгендерге сынықты орнына түсіруге келетінін не келмейтінін бірден айтамын. Бір өкініштісі, олар маған жаны шығып, шипасы біткенде ғана келеді. Жергілікті дәрігерлер ауылдың адамдарын Өскеменге жолдаса, олар бірінші маған келетіні де бар, – дейді Рахат аға. – Өкінішке орай, маған шипалары бітіп «өлуіне бес минут қалған адамдар» келеді. Олардан «Әу баста неге келмегенсің?» деп сұраймын. Маған негізінен рентгеннің суретін алып келсе болды. 5-20 күн өткеннен кейінгі сынықтарды орнына келтіруге болады. Одан асқынып кетсе – қиын, әрине.

Рахат ағаның сынықшылық қасиеті бес ұлының ішіндегі Фархадқа қонған секілді, бірақ ол көбінесе біреу-міреуді мертіктіріп алудан жасқанатын көрінеді.

Қорқуға болмайды. Жасқаншақтансаң, сынықты сала алмайсың. Бақырып-шақырған дауысқа үрейленбеу керек. Ұлдарымның аман-есен өмірден өз орындарын тапқандарына тәубә деймін! Көпшіліктің батасы мен алғысынан болар, бүгінде Аллаға шүкір, төрт құбылам тең, — деп түйді Рахат аға.

Аян ӨРІБАЕВ,
Фотосуретті түсірген автор