Мүгедек әкеме гигиеналық құралдар неге берілмей кетті?

560
көрілім

Әкем ІІ топ мүгедегі. Соңғы кездері ол мемлекет тарапынан тегін берілетін гигиеналық құралдарды ала алмай жүр. Оның берілуі тоқтатылып қалды ма? Жалпы мүгедектерге гигиеналық құралдардың берілу үрдісі қазіргі уақытта заңнамамен алынып тасталған жоқ па? Егер алынып тасталмаса, оған тиесілі құралдарды қайдан, қандай тәртіпте алуға болады? Оның берілуін облыстық немесе жергілікті әкімдіктер анықтай ма?

Ермек, тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға жауапты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтынан табудың сәті түсті:

«Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы» бұйрығына сәйкес, мүгедектердi міндеттi гигиеналық құралдармен (несеп қабылдағыштар, нәжіс қабылдағыштар, жөргектер) мүгедектің ұсынылған өтініші және медициналық көрсетпелер бойынша жеке оңалту бағдарламасы негізінде қамтамасыз етіледі», – деп жазылған министрлік сайтының жиі қойылатын сұрақтар бастырмасында.

Құзырлы министрліктің хабарлауынша, мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдар (жөргектер) өтініш ұсынылған айдан бастап бір жылға 730 дана мөлшерінде берілетін көрінеді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар өзінің қаржыландыру жоспарына сәйкес міндетті гигиеналық құралдардың берілу кезеңін анықтайды.