Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аясында жазушы ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті

2098
көрілім

Өскемен қаласында Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы аясында Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында орналасқан жазушы ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Биыл – Мұзтаудың мұзбалағы атанған тұғыры биік жазушының 80 жылдығы. Мерейтой аясында өтетін шаралар легі аз емес. Соның бірі – бүгін Өскеменде өткен Оралхан Бөкей аты берілген №44 мектеп лицейі маңындағы жазушының ескерткішіне гүл қою рәсімі. Шараға қала әкімі Жақсылық Омар, белгілі жазушылар, өңірдегі зиялы қауым өкілдері, О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана ұжымы қатысты.

- Оралхан Бөкей тек төл әдебиетімізде ғана емес, күллі әлем әдебиетінде өзіндік орнын алған қаламгер. Ол өз шығармаларында адамдарды ізгілікке, жақсылыққа үндейді. Жазған туындылары, көтерген тақырыптары әлі күнге дейін өзекті. Бұл ескерткіш 2013 жылы орнатылған болатын. Сапасы дұрыс болмағаннан кейін біз оны жаңарттық. Қазір қоладан құйылған бұл ескерткішке келетіндер көп. Бір-екі айдың шамасында осы Өтепов көшесіне Оралхан Бөкейдің есімі де беріледі, - деді Жақсылық Омар.

Мерейтой аясындағы шараға арнайы келген жазушының сырлас, тағдырлас досы, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы Оралхан жайлы естеліктерімен бөлісті.

- Орекең Алматыға келгенде газетте бірге жұмыс істедік. Сол уақыттан бастап ол өмірден өткенге дейін бірге жүрдік. Айнымас достар едік. Ол маған «Кәке, біз күн шығатын жақтың азаматымыз» дейтін. Осы жерге келген сайын досымды сағынышпен еске аламын. Бұл ескерткіш Оралханның мінез-құлқын түгел көрсетіп тұрғандай көрінеді, - деді ол.

Содан соң жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.