Орманшы жағдайы оңалады

424
көрілім

Ауылдық жерде жұмыс істейтін орманшылардың жалақылары үстемеленетін болды.

Облыстық мәслихат депутаттары ауылдық жердегі жұмысы үшін жалақысы үстемеленетін лауазымдардың қатарын кеңейтті. Бұған дейін ауылдық жердегі жұмысы үшін жалақысына 25 пайыздық үстемақыны денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында жұмыс істейтін азаматтық қызметшілер ғана алып келген болатын.

- Кезекті мәслихат сессиясында жалақылары үстемеленетін мамандар қатары қайта бекітілді, - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова. - Табиғи ресурстар басқармасы аталмыш тізімге орман шаруашылығы саласының жұмысшыларын да кіргізуді сұрады.

Қаладан шалғай жерлерде жұмыс істейтін орман қорғаушы инженерлер, аңшылықты ұйымдастырушылар, орман өртін сөндірушілер мен басқа да мамандар осы уақытқа дейін ауылдық жерде жұмыс істегендері үшін жалақыларына үстемақы алып көрген емес. 15 қарашада өткен мәслихат сессиясында депутаттар орман шаруашылығы саласы жұмысшыларын ауылдық жерде жұмыс істеп, соған сәйкес жалақы алатын азаматтық қызметкерлер қатарына қосуды бірауыздан қолдады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ