Өскемен қаласының емханаларында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды

346
көрілім

Облыс орталығында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аймақтық филиалының және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен үш емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімдері ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жерде тұрғындар мемлекеттік қызметтерді egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы ала алады. Осы ретте «Азаматтарға арналған үкімет облыстық филиалы» директорының орынбасары Әсел Мамажанова электрондық үкіметтің қазіргі заманғы сервистері туралы ойын ортаға салды.

– Емханалардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторы азаматтардың ыңғайлылығы үшін ашылды. Олар мұнда электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе мобильдік азаматтар базасында тіркелген жағдайда, сол жерде емханаларға өздігінен тіркеле алады, - деп толықтырды жауапты тұлға.

Айта кетейік, облыс орталығының тұрғындары электрондық қызметтерді жиі таңдайды. Жыл басынан бері мемлекеттік корпорацияның филиалы 770 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде өз бетінше өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы өскемендіктер 425 мыңнан астам қызмет алды. Қаланың 375 мың тұрғыны ЭЦҚ алса, 476 мың тұрғыны үйден шықпай қызмет алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелген.

Өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары мына мекен жайларда:

1. № 1 қалалық емхана Өскемен қ., Әуезов к-сі, 18

2. № 2 қалалық емхана Өскемен қаласы, Буров көшесі, 61

3. Меновное ауылдық дәрігерлік амбулаториясы.

Асыл АЙТБАЕВ