Өскемен тұрғындарына балалар әдебиетінің тарихымен танысуға мүмкіндік жасалды

270
көрілім

Өскемен қалалық Оралхан Бөкей кітапханасына қарасты балалар бөлімінде «Балалар кітаптарының тарихы - интерактивте» атты жоба жүзеге асырылды. Бұл интерактивті бағдарлама республика бойынша тұңғыш рет қолға алынып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жобаға облысымыздың түкпір-түкпірінен он беске жуық ұстаз қатысты. Интерактивті тақтада балалар әдебиетінің даму тарихы мен әліппенің шығу тарихы жайлы тың бейнеролик көрсетілді. 
- Әдебиет тарихының алтын қойнауынан сыр шертетін шара осымен тоқтап қалмайды. Тарих беттеріне айналған шығармаларымызды жаңа технологиялар көмегімен оқырмандарымызға ұсынамыз. Қазақ даласында балалар әліппесінен бөлек, ересектерге арналған әліппенің болғанын көбісі біле бермейді Бұл тарихи-танымдық интерактивті бағдарлама еліміз бойынша тұңғыш рет өтіп жатыр. Кітапханамыз жаңа технологияны жатсынбай өз қажетіне жаратуда, - деді қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапханасының БАҚ бөлімінің меңгерушісі Таңнұр Башай. 
Тарихи-танымдық бағдарламаның «тұңғыш ұстаз» деген бірінші бөлімінде Ыбырай Алтынсариннің өмірбаяны мен қызметі тереңінен таныстырылды. «Тұңғыш әліппе» бөлімінде өткен ғасырлардағы қазақ әліппелері тарихына шолу жүргізілді. "Менің Журналдарым және Газеттерім» бөлімінде өткен ғасырлардағы балаларға арналған басылымдар тарихынан сыр шертілді.
— Балаларға жеңіл әрі түсінікті болу үшін қазіргі заман талабына сай QR код қосымшасын пайдаланамын және мултипликация әдісін қолданып оқушылардың ой өрісінің дамуы мақсатында жұмыстар жүргіземіз. Бүгінгі шараны әріптестерімізбен бірге талқылап, өзіміздің іс-тәжірибемізбен де бөлістік, - деді Риддер қаласы №2 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Алёна Салимова.

Нұрдаулет ҚАЛИБЕКОВ