Өскемен тұрғыны иесіз қалған ғимаратқа мылтығын жасырған

509
көрілім

Қараша айының 4-і күні Өскемен қалалық Үлбі полиция бөлімі жедел уәкілдеріне жергілікті тұрғындардың бірі тіркелмеген қаруды өз үйінде заңсыз сақтайтыны туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Келіп түскен ақпаратты тексеру барысында облыс орталығының 39 жастағы тұрғыны анықталды. Оның қала көшелерінің бірінде орналасқан ғимараттың 2-қабатында кірпіштердің астына атыс қаруын жасырғаны белгілі болды.
Маман қорытындысына сәйкес алынған зат «ЗК-16» тегіс бір ұңғылы аңшылық мылтығының оқпанын қолдан қысқарту арқылы дайындалған, оқ атуға жарамды, шолақ атыс қаруы екенін көрсетті.

- Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір тұрғынға қарудың қайдан келгені анықталуда, тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Аталған баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Сонымен қатар Полиция департаменті тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.