Өскеменде ақын Ақтан Нұрбаевқа арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтті

420
көрілім

«Юбилейный» кинотеатрында өткен шараға белгілі қаламгерлер, ақынның жақындары және зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен жазушы Әлібек Қаңтарбаев сөз алып, «Мұзтаудың көкке өрлеген мұзбалағы» атты деректі фильмнің мазмұнына, ақынның жүріп өткен жолына және кімдердің ат салысқандарына тоқталды. Жиналғандар арасында Ақтан Нұрбаевтың жерлестері де біршама болды. Деректі фильмнің басты мақсаты – поэзия әлемінде шоқтығы биік, талантты ақын Ақтан Нұрбаевтың өмірі мен шығармашылығын Республика жұртшылығына кеңінен таныстыру, сегіз қырлы бір сырлы, ақындық пен үлкен кісіліктің, адамгершіліктің тізгінін қатар ұстаған тұлғалы азаматты ұлықтау.

– Фильм Алтайдың арда ақынының өмірі мен артында қалған ұрпақтарының естеліктеріне арналған. Бастапқыда 40 минуттық бола ма делінген, алайда материалдар көп болып, барлығын аз уақытқа сыйғызу мүмкін болмады. Жерлесіміздің азаматтығын, ақындығын ашу үшін режиссер көптеген адамдармен жолықты, – деді Әлібек Қаңтарбаев.

Ал фильм режиссері Доқтырхан Тұрлыбек Ақтан Нұрбаевтың поэзия әлеміндегі қолтаңбасын байқатып, келбетін көрсету үшін ақын, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет, Жазушы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Әлібек Асқаров, жазушы Әлібек Қаңтарбаев, ақын Бақытжан Раисова, Жәнібек Қызыр сынды бір топ шығармашылық өкілдерінің қатысқанын айтты.

– Ақтан Нұрбаевтың әдебиет айдынында, өмірде алар орны ерекше. Бұл фильмді түсіруіме түрткі болған Алтайдың белгілі қаламгері Дидахмет Әшімханұлы еді. Екеуіміз жақын дос болдық. Бір күні ол: «Доқтырхан, сен киноның бір шетінде жүрсің ғой. Ауылда менің Ақтан деген ағам бар, мен ол кісіге жиеншар болып келемін» деп қолға алуыма қолқа салып еді, сұм дүние арамыздан ерте алып кетті. Ақтан ақынның жүріп өткен ғибратқа толы өмір жолы кімге болса да үлгі-өнеге, – деді режиссер.

Тұсаукесер кезінде ақынның ұл-қыздары да естеліктерімен бөліскен. Барлығының да айтқаны: «Әкеміз бізді өмірдің әр қалтарысына, әралуан өзгеріске баулыды. Оның шығармашылығында әлдебір сыр бүгулі еді, оқи отырып таңдай қағатынбыз» десті. Ақтан Нұрбаевтың жыр жинақтарын шығаруында үнемі демеушілік жасап келе жатқан ұл-қыздары бұл жолы да биіктен көрініп, деректі фильмнің жарық көруіне қомақты қаржы жұмсады.

Ақын өз өлеңдерінде Шығыстың тамаша географиясын суреттеген. Режиссер бір сөзінде Әлібек Қаңтарбаевтың мына бір сөзін келтірді: «Алтайдың сұлу табиғатын Оралхан Бөкей, Әлібек Қаңтарбаев, Әлібек Асқар, Қалихан Ысқақ та әспеттеді, алайда барлығымыз жабылып, Ақтан Нұрбаевтай суреттей алмадық». Доқтырхан Тұрлыбек мұны жүректен шыққан жоғары баға деп білді.

Ақиық ақын Ақтан Нұрбаевтың Алтайдың сұлу табиғатымен үндесіп жатқан сыршыл тамаша өлеңдері тек шығысқазақстандықтардың ғана емес, бүкіл қазақ елінің мәңгі жасайтын әдеби мұрасы болып саналады.