Өскеменде футболдан «Super Liga 16» тұрақты чемпионаты басталды

484
көрілім

Облыс орталығында теңбіл доптың дүбірлі додасы өз бастауын алды. Ашық чемпионатта өнер мен шығармашылық саласының қызметкерлерінен құралған 8 команда бақ сынауда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жарысқа қатысуға ниет білдіргендер қатарында өңір журналистері, театр актерлері мен асабалар болды. Бұған қоса алаңда өз мықтылығын дәлелдеуге бел байлаған баспасөз хатшылары мен жас ақындардан құралған командалар да бар.

Сайыскерлер тізімінде: «DIDAR», «Баспасөз», «Altai», «Менің өлкем», «Көкпекті», «Театр» «Шабыт», «Galacticos» командалары. «Super Liga 16» тұрақты чемпионаты биылдан бастап өткізілуде.

– Шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, шығармашылық адамдарының арасындағы бірлікті, достықты күшейту. Тартысты бәсеке мен қызықты сәттерге толы футбол матчтарын ұйымдастыру, – дейді «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің төрағасы Нұрбек Бекен.

Айта кету керек, аталған чемпионаттың өтуіне мұрындық болған – «DIDAR» облыстық газеті бас редакторының орынбасары Серік Әбілхан.

Айта кетейік, футбол сайысы аптаның әр сенбі, жексенбі күндері өтеді. Чемпионат жүйесі бойынша әр команда бір-бірімен қарсы ойындар өткізіп, соңында ең көп ұпай жинаған ұжымдар жүлделі орындарға ие болмақ.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ