Өскеменде «Қара пима» спектаклі сахналанды

490
көрілім

Қалалықтар өткен жексенбіде облыстық Драма театрына ағылып, демалыстың кешін рухани азықтанумен тәмамдауды жөн көрген. Бұл жолғы туынды комедия немесе тарихи шығарма емес. Есесіне, қойылым сюжеті қай оқырманды болсын терең ойдың тұңғиығына жетелеп отырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлықбек Есдәулеттің қай шығармасы болса да, тақырып өзектілігі, оқиға құрылымы тұрғысынан үстіртін ойластырылған емес. Осы жолғы «Қара пима» драмасы поэма ретінде де көптің жүрегін жаулап үлгерген еді. Ал декорациясы әзірленіп, тәжірибелі актерлер туындыны сомдап жатқанда сахнаға тіл біткендей күй кештік.
Республика көлемінде мұның премьерасы 2016 жылы сахналаныпты. Ал Өскеменде араға бес жыл салып, оқырманға қайта жол тартқан. Театрда бас қосқан қара саны біршама. Сірә, психологиялық драмаға көптен бері келмеген. Қуантқан тұсы сол, жастар буыны мұны жылы қабылдап, тапжылмай тамашалады. Спектакльдің бойына сақтаған өзектілігі – ғасыр дертіне айналған маскүнемдік зардабы. Ащы суға сылқия тойып, шаңырағының шырқын бұзған ұлын түзу жолға салуға талпынған әкелік мейірім, сүйіспеншілік әр диалогта көрерменді баурай түсті. Режиссер Айдын Салбанов көрнекі заттарды нақпа-нақ ойластырып, әр детальға мән бергені байқалады. Арагідік көзіне жас алған көпшілік жүзінің лезде құбылғаны – осындай дәлдік болғандығының бір көрінісі.
Басты кейіпкердің бірі болған Алдиярды меймандарға әр қырынан ашуды көздеген әрбір әрбір аянып қалмады. Театр сыншылары қойылым сәтті шығу үшін диалогтан гөрі қимыл-әрекеттің көп болғаны дұрыс деп жатады. «Қара пимада» сюжет аса шиеленісті, ал қойылымның құрғақ болмауын қадағалаған әртістер өнерінен соң нәзік жандылардың біршамасы егіліп жылап та алды.
Спектакль соңында қалың көрермен орындарынан тұрып, қиқуға басып, шапалақ ұрды. Өнерпаздар да еңбектерінің еш кетпегендігін осыдан аңғарғандай, жымия қол бұлғады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ