Өскеменде қардан тазаланбаған жолда көлік жүргізушілері жаға жыртысып қалды

376
көрілім

Облыс орталығындағы Н.Назарбаев даңғылында жолдар уақтылы қардан тазартылмай, автокөлік иелері бірін-бірі жағадан алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оқиға Н.Назарбаев даңғылы, 29 мекенжайында болды. Қарсы беттен келе жатқан көліктер бір-біріне тым жақын жүруі салдарынан бірнешеуі соқтысудың аз-ақ алдында тұрды. Айтуларынша, тазаланбаған қар үздіксіз қатынаған көліктерден кедір-бұдыр төмпешіктерге айнала бастаған.

– Бағдаршамға тоқтағанда осынша ұзақ күтпейтін шығармыз. Тұрғанымызға жарты сағаттай болды. Қалаішілік жолдар уақтылы тазаланбағаннан деп ойлаймын. Әлі қанша қаңтарылып тұратынымыз белгісіз, – дейді Нұрболат есімді қала тұрғыны.

«45 гастроном» аялдамасы маңындағы тұрғын үйдің қасында шамамен 30 көлік жиналды. Көлік қозғалысын реттеуге тырысқан тәртіп сақшылары жағдайды бақылауға алуға қауқарсыз еді. Тазаланбаған қар бұдыр төмпешіктерге айналып, автокөліктер жолдан тайып, қарсы бетке шығып кетіп жатты. Барар жеріне асығып, жолға таласқан жүргізушілер ақыр соңында бір-бірлерінің жағаларынан алды.

Нұрбек АСҚАРОВ