Өскеменде лингвистикалық курстан өткен әскери бөлім мамандары сертификат алды

2050
көрілім

Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінің мамандары лингвистикалық орталықтың сертфикаттарына ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 27943 әскери бөлімінің 11 әскери іс жүргізуші қызметшісі мен 2 азаматтық персонал лингвистикалық курстан өтті.
Бұл бағдарламаның  мақсаты - қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Іс жүргізуді мемлекеттік тілде сауатты жүргізу мақсатында 2022-2023 оқу жылының қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан лингвистика орталығында тегін оқу курсына барған 10 тыңдаушы  А2, В1, В2 деңгейі бойынша курсты сәтті аяқтап сертификаттарын алады.


Біздің орталықтағы оқытушыларының басты мақсаты - тыңдаушылардың сөздік қорын біртіндеп дамыту, сөйлей білуге үйрету. Бұл курстағы әскери бөлімдерден келген қызметшілердің тіл үйренудегі ынта-жігерлерін ерекше атап өткім келеді. Қортынды тестілеуде барлығы жоғары бал алып, өздерінің үйренген білімдерін қолдана алды, - деді Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушысы Ләззат Қайдарова.
Іс қағаздардың мемлекет өміріндегі саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Мекемелер арасындағы ақпарат алмасу – хат, жеделхат, телефонхат сияқты құжаттар арқылы іске асады. Үкіметтің басқару істері – жарғы, қаулы, нұсқау, ереже, бұйрық сияқты құжаттар арқылы жүргізіледі. Іс қағаздарды қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші.