Өскеменде сарбаздар тұңғыш рет театрлық қойылым көрсетті

917
көрілім

Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде қатардағы жауынгер Ернұр Билаловтың жетекшілігімен және Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің "Шабыт" театрының студенттерінің қатысуымен "Тіл табысқандар" атты комедиялық спектакль қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Спектакльдің аты айтып тұрғандай, қойылым тіл мәселесі мен отбасылық құндылықтар мәселесі жайлы болды. Оқиға Астана қаласында тұратын  зиялы отбасының тағдырынан сыр шертеді. Ана тілге шорқақ Дездемона мен орыс тілін ұқпайтын  Болдухан әпекесінің арасындағы орын алған келіспеушіліктер  қазақ жұртының тек қана тілінен емес, сонымен қатар алтын бесігі – ауыл өмірінен де алшақтап бара жатқанын  байқатады.

Республика күніне арналып ұйымдастырылған “Тіл табысқандар” спектаклінің мақсаты  өз тарихымыз бен салт-дәстүрімізді ұмытпауға, үлкенге құрмет - кішіге ізет көрсетуге, яғни жалпы қазақи тәрбиеміз бен құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа насихаттау. Спектакльге Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің студенттері, қалалық кітапханалардың мамандары мен драма театрдан актерлер шақырылды.

Көрермендер керемет қойылымнан алған әсерлерін ыстық қошаметтерімен және құттықтау тілектерімен жеткізіп жатты. Бұл қойылымға сарбаздар бір ай көлемінде ғана дайындалған болса да, 4 жыл оқыған нағыз актерлерден кем түскен жоқ. Актерлік шеберліктерін шыңдаған қойылым ары қарай да өнер жолына жетелеуге себепкер болуы әбден мүмкін.