Өскеменде су тасқынының алдын алуда 100-ге жуық ерікті жұмылдырылды

231
көрілім
фото сурет автордікі

«Аманат» партиясы Шығыс Қазақстан облысы филиалы, «Жастар рухы» Жастар қанаты еріктілері және  Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері бірігіп, тасқынның алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мамандар мен қызметкерлер Өскемен іргесіндегі Согра кентін бетке алды. Қазір облыс көлемінде тасқынды болдырмау бойынша жұмыстар күшейтілді. «Аманат» партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділованың сөзінше, осы сияқты шаралар Өскеменнен бөлек, көптеген ауданда жалғасуда.


- Бүгін біз Согра кентіндегі Үлбі өзені маңында тұратын қалалықтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Бұдан бөлек, тиісті ережелер жазылған қағаздар таратып, өзге өңірлердегі қиын жағдайдың біздің жақта қайталанбауын басшылыққа қойдық. Ауыл, аудандардағы мәселелер «Аманат»  партиясының бақылауында, - деді Сайрангүл Жұмаділова.
Аталған шараға қаладағы студенттер де атсалысып, 100-ге жуық ерікті жұмылдырылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дастан Ахметовтің айтуынша, мұндай жұмыстар үздіксіз жалғасып тұрады.
 - Тұрғындар өз аулаларындағы қарды уақтылы шығарып, арықтар мен каналдарды тазартса, қауіптің алдын алуға болады. Себебі, ол жерлерге қоқыс толып қалып, жағдайды қиындатуы ғажап емес, - деді ол.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ