Өскеменде Ұлттық Ұланның қызметтік иті есірткі жасырылған құпия орынды анықтады

596
көрілім
Шартты фотосурет.

Облыс орталығында Ұлттық Ұланның қызметтік иті есірткі жасырылған құпия орынды анықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚР ҰҰ «Шығыс» Аймақтық басшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, есірткіге қарсы күрес басқармасына 5518 әскери бөлімінің кинологиялық мамандар бөлімшесі жауынгерлік қамтамасыз ету взводының бастығы, сержант Айдос Рахметов пен оның «Сұңқар» есімді қызметтік иті көмекке келген. Өскемен қаласы тұрғынының құжаттарын тексеру кезінде одан күдікті иісті сезген ит үре бастайды. Белгілі болғандай ер адам марихуанаға ұқсас жасыл түсті затты орап, өзімен бірге алып жүрген көрінеді.

Артынша, ер адамның пәтерін тінту кезінде қызметтік ит 28 түйіншек тығылған құпия орынды анықтайды. Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

«Шығыс» Аймақтық басшылығы биылғы жылдың үшінші тоқсанында ғана Ұлттық Ұлан қызметтік иттерінің қылмыс орнынан бой жасырмақ болған екі күдіктіні құрықтап, келіге жуық есірткі мен 30 литр спирті бар сұйықтықты анықтағанын айтады. Сондай-ақ, иттер аталған екі жағдайда ұрланған заттарды да анықтаған.