Өскемендегі 150 дүкенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбат бағамен сатылған

566
көрілім
Шартты фотосурет

Мониторингілік топтардың төніп келіп тексеріс жүргізулері бағаны қосып сатуға дағдыланған дүкен қожайындарының әрекетіне сәл де болса тежеу. Олай болмағанда қымбатшылық қақпағы әлі де ашық қалатындай, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ескертуді елей ме екен?

Өскеменде арнайы құрылған мониторингілік топтар сауда үйлерінде, дүкендерде, тұрақтандыру қорының павильондарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермес үшін тұрақты түрде бақылау жүргізуде. Оның құрамына кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңсесі мен Nur Otan партиялық бақылау комиссиясының мүшелері кіріп отыр.

– Бүгінде қала бойынша 19 түрлі тауардың бағасы тексеріліп, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір сауда орындарында, нақты айтсақ, 150 дүкенде жекелеген өнім түрлері бойынша баға үстемесінің 30 пайызға дейін өскені анықталған. Дүкен иесіне ескерту жасалып, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің құны өндірушінің немесе көтерме жеткізушінің бағасынан 15 пайыздан асырылмауы қажеттігі түсіндірілді, – деді қала әкімінің орынбасары Арман Ысқақов.

Оның айтуынша, сауда орындарының басым бөлігінде тауар бағасына қойылатын талаптар сақталған.

Қымбат болса қоңырау шалыңыз

19 түрлі тауар десек, нанға қатысты баға бірден көптің талқысына түседі. Қазір қала көлемінде бірінші сортты нан 130 теңгеден сатып алып, 140 теңгеден саудалайтын көрінеді. Күнбағыс майы, жұмыртқа, қант және тағы бірқатар өнімдер 15 пайызқа қымбаттатылып сатылуда.

– Сондай-ақ дүкендерге ұсынылатын баға көрсетілген өнімдер тізімі берілуде. Мысалы, бір жеткізушіде қанттың келісі 380 теңге, екіншісінде 340 теңге болса, біз орташа баға ретінде 350 теңге деп алдық. Осы бағаға 15 пайыз қосып сатуға болады, – дейді Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы ШҚО бойынша өкілдігінің директоры Владимир Бердник.

Оның сөзінше, бірінші сұрыпты бидайдың ұсынылған бағасы – 184 теңге. Әрі қарай кесте түрінде ұсынуды жөн көрдік:

Азық-түлік түрі

Бағасы

1

Рожки

325 теңге

2

Қарақұмық жармасы

590 теңге

3

Күнбағыс майы

805 теңге

4

Сиыр еті

Бір килосы – 2300 теңге

5

Жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% пастерленген сүт

345 теңге

Енді азық-түліктің шекті бағасы жазылған қағаз дүкен сөресі мен кіреберіске қойылады. Осылайша, тұрғындар бағаның қымбаттығын байқаса бірден 8-705-280-45-13 телефон нөміріне хабарласып, арыздана алады.