Өскемендіктер дәріханалардан медициналық маска таба алмай әбігерге түсуде

365
көрілім
Шартты фотосурет

Соңғы деректерге сенсек, аспанасты елінде тарап кеткен дерттен әлем бойынша көз жұмғандар саны 490. Бұл ретте жағдайды бақылауға алуға тырысқан аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тікелей нұсқауымен коронавирусқа байланысты жедел штаб құрылып, Қытаймен шекара жабылды деген болатын. Дегенмен түрлі аурулардан сақтану мақсатында медициналық маска алып қоюды жөн көрген тұрақты оқырмандарымыз дәріханалардан керек затын ала алмай жатқандықтарын айтып, сайт редакциясына хабарласқан болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бағасы да аспандап тұр

Белгілі болғандай, медициналық маскалардың түгесілгеніне бір жетінің жүзі болған. Газет тілшісі қала бойынша іргелі саналатын бірнеше дәріханаға хабарласып көрген еді, расымен де мұндай мәселенің бар екендігіне көз жеткізді. Провизорлардың сөздеріне қарағанда маскалардың тез таусылуына тұрғындардың өздері себепкер болғандай.

– Әу баста жеткілікті мөлшерде болатын. Айналдырған бірнеше күн ішінде өскемендіктер 20-30 данасын бір дегенде сатып жоқ қылды, – дейді олар.

Осындай жауапты дәріханаларға барып естіген Аман Ахметжанов есімді зейнеткер қандай жағдай болсын аталмыш мекемелерде жеткілікті қор болу керектігін жеткізді. Бұл да жөн шығар. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді басшылыққа алған тұрғындар медициналық маскалардың молырақ жинап жатқандығының себептері де түрліше. Ақпан айы туып, бірқатар өңірлерде күн жылына бастағанда ауада тарайтын жедел респираторлық-вирустық инфекциялар «жандана» бастайтыны белгілі. Осы бір жәйтті алдын ала ескеретін тұрғындар сақтық үшін көбірек маска сатып алуға тырысады.

– Кеше өзім КШТ-дағы (Жібек маталар комбинаты ықшамауданы) екі дәріханаға ("Достық" базарының маңы") кірдім, екеуінде де жоқ. "Алатын жерімізде бітіп қалған" деді сатушы. Әйтеуір үшінші дәріханадан табылды. Бірақ бағасы екі есе – 60 теңге. Бүгін вокзал жанындағы бір дәріханаға кірсем, мұнда бір маска 30 теңгеден екен, – дейді Ерсайын Мұхтаров (аты-жөні өзгертілген).

Министрдің сөзінше маска жеткілікті

Осыған қарағанда, дәріханаларда маска бағасына қатысты бірізділік те сақталмайтын сыңайлы. Айжан Еркінова есімді тұрғынның айтуынша, кей дәріханада балаларға арналған масканың бағасы – 100 теңге. Белгілі болғандай, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тарапынан фармацевтикалық нарық субъектілерінің бірінші басшыларына ыстықты түсіретін, ауырсынуды басатын, респираторлық аурулардың алдын алуда дезинфекциялық құралдар бағасының өсуі бойынша ескерту жасалды. Жауапты тұлғалар ескертуді елемеген жағдайда мекеме тиісті жауапкершілікке тартылатындығын жеткізді.

Десе де еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов республика көлемінде медициналық маска санының жеткілікті мөлшерде екендігін айтқан болатын.

– Маска қажеттілігі бар. Десе де бізде қауіп жоқ. Алайда сұраныс бар, өкінішке қарай, көңілде алаң басым. Маска жаппай сатып алынғаннан кейін тапшылық тудырады. Жалпы, отандық өндірушілердің Қазақстанда шығарып отырған маскасы жеткілікті. Бізде жыл сайынғы тұтыну көлемінен екі есе көп мөлшерде маска бар. Сонымен қатар қажет болған жағдайда біз өзге елдерден маска сатып алу жөнінде келіссөз жүргізудеміз, – дейді ол.

Құзырлы мекемелердің бұл мәселенің шешімін жуық арада табар-таппасы белгісіз. Қалай дегенмен масканың дәріханаларда жеткілікті мөлшерде болғаны жөн. Жуырда ғана Алтай қаласында оқушылардың жаппай жедел респираторлық-вирустық инфекциялар жұқтыруы салдарынан бес мектепте карантин жарияланған болатын. Осы ретте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қажет товар барлық дәріханаларға осы айда жеткізілетінін мәлімдеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ