Осы жылы Риддерде балалар алаңқайы мен аулаішілік жолдарды асфальттау күн тәртібінен түспеген

436
көрілім

Риддер қаласы аулаларын абаттандыруға биыл аз қаражат жұмсалмады. Бастысы кеткен қаржы бір ғана бағытты қамтымай, бірнеше мәселе бойынша туындаған сауалдар өз жауабын тапты. Қазір жастардың аңсары ауып бара жатқан Street Workout алаңы, балалар алаңқайы, одан бөлек, төрт тұрғын үйдің алдына ыңғайлы орындықтар қойылып, тұрғындар игілігіне берілген. Әйтеуір жауапты тұлғалар бөлінген қаражатты «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жаратып, әр қадамдарын жоспар бойынша орындап келеді.

Аулаларға асфальт төселген

Сонымен сөз болып жатқан ауламыздың қамтып жатқан аумағы да ат шаптырым. Жауапты тұлғалар бес, тоғыз қабаттық үйі бар ауланы арнайы таңдап, сол жерді жарықтандырып, біршама жаңартулар жүргізді. Осы жылы шаһарға облыстық қазынадан 50 млн теңге бөлінген екен. Жоғарыда айтқанымыздай, аулалармен қатар, спорттың алаңдар да қамтылған. Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуат Мұхамедчинов аталған шағын ауданда қандай алаңқай салынса да барлығына резеңке төсемелер орнатылып, балалар игілігіне толықтай жарықтандыру жүргізілгенін жеткізді.

– Ата-әжелердің ыңғайына қарай төбесі жабық алаңқайлар, спортты серік еткен жандарға футбол және хоккей алаңын ашып, оны да ізін суытпай жарықтандырдық. Яғни жазда теңбіл доп тепсе, қыста сол жерде хоккей ойнауға болады, – дейді Қуат Маратұлы. – Осы ауладағы кәрі ағаштар айнала көркін қашырып, қатты жел тұрса бұталары сынып берекені алушы еді. Ұзын-саны 50-ге тарта. Барлығын кесіп, жағдайды бақылауда ұстауға тырыстық. Жалғыз аяқ жолдарды тегістеп, жаңбырдан кейін шалшыққа айналмас үшін қажетті қиыршық тастарды да төккен едік.

Бұл жерде тұрғындар аталған жалғыз аяқ жолдарға көңіл толмаушылық білдірмесе де, жауапты тұлғалар тегістеуді жөн көріпті. Бұдан іле көлік тұрақтайтын орындардың да ажары кіріп, бұған дейінгі бей-берекетсіздіктер ретке келтірілген. Маңыздысы сол, көлік тұрақтайтын орындар әу баста жоспарға алынбағанымен, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану үшін шағын аудандағы абаттандыру жұмыстары кешенді түрде орындалған. Қала әкімі де қарқынды жұмысты қалт жібермей, қара күз келіп қыспаққа алмай тұрғанда мерзімінде бітіруге қолдауын аямаған. Тіпті қалабасы Жомарт Мұратов қызметіне кіріскеннен бері бірден тротуарлар, жолдар және аулаішілік аумақтарды тәртіпке келтіруге білек сыбана кіріскен.

– Жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесіне қарай аулаларда асфальт төсеуге байланысты қиындықтар кездеспеуде дегенге 99,9 пайыз сенімдімін, – деген Қуат Маратұлы қала әкімі қосымша қаржы бөлгеннен соң мүлде сапасы сын көтермейтін алаңдарды да жаңартқандықтарын жеткізді. – Кей тұстарда жолдардың беті бұралаң, қала берді ойдым-ойдым жерлері кездесіп жатса бұл тек бірен-саран аулаларды қамтиды. Былайынан айтсақ, аулалардағы жолдардың барлығы дерлік жөндеу көрді және белгілі бір уақыт аралығында арнайы бақылау жүргізіп отырамыз.

Шартты сурет

Бюджеттен бөлінген қаржы аз емес

«Толықтай асфальт төселген жолдар қай мекен жайларда?» деген сауал туындауы мүмкін, ендеше бұлар төртінші және жетінші ықшам аудандар екен. Шынтуайтына келгенде, аулаларға асфальт төсеу әр жылы қолға алынады. Тиісті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді екен. Қуат Маратұлының сөзіне сенсек, мұндай жаңартулар кемі 20 аулада жүргізіледі. Көрсеткіштің арта түскен кездері болса да оның барлығы аталмыш аулалардың ауқымына қарай. Бастапқыда осындай жұмысқа жергілікті қазынадан 45-47 млн мөлшерінде қаражат бөлінсе, уақыт өте бұл сома көбейе түсті. Айталық былтыр 90 млн, ал биыл 100 млн теңгеге жуық қаржы аулаларды асфальттауға бөлінген. Мұндай тұрақты қаражат бөлінудің бір себебі – жауапты тұлғалар көктем келіп, қар сөгіле бастағанда арнайы мониторинг жүргізіп, аулаларды шолып шығады. Әрі қаладағы депутаттар да өз округтерінен өтінім беріп отыратын көрінеді. Осыдан барып қажетті құжаттар тізімін жинап, жергілікті депутатттармен кеңесе келе жұмысқа кірісіп кетіп жүр. Тағы бір тілге тиек ететін жайт, бүлдіршіндер қолданысына алаңқайлар да беріліп келеді. Бастапқыда айтқанымыздай, бөлінген қаржыны орынды кәдеге жарату үшін жөндеу жұмыстары кешенді түрде іске асырылуда. Әйтеуір балалар алаңқайы мен аулаларды асфальттату күн тәртібінен түспеуде. Соның есебінен тұрғындар тарапынан түрлі лебіздер, бірен-саранынан көңілдері күпті болған сәттер де байқалған. Бұл жерде еске түсетіні мына қағида: «Біткен іске сыншы көп». Расымен де, аулаларды абаттандыру уақтылы жүзеге асып жатқанымен кереғар пікірлер де айтылыпты.

– Басында «Ауламызға асфальт төсеп берсеңіздер екен, әйтпесе жауыннан кейін шалшық су кешуге тура келеді» деп бір өтініш айтады. Араға аз уақыт салып, мұны біржақты еттік. Бұдан барып, «Өткен-кеткеннің барлығы біздің ауламен жүретін болды» деп тағы бір келеді. Әрине, абаттандырылған аумақты тамашалап, асфальтталған жерлермен кімнің жүргісі келмейді? – дейді Қуат Маратұлы.

Спорттық сайыстар өткізуге қамдайды

Балалар алаңқайы да мерзімінде салынғанымен у-шуға құлақтары үйренбеген көпшілік, оған да наразы болған. Сайып келгенде қанша жерден сын-пікірлер айтылғанымен басшылық тарапы бөлінген қаржыны орнымен жұмсап, жоспардан ауытқымай келеді.

Жоғарыда спорт алаңқайы дегенге бір тоқталдық. Сөзімізге арқау болып отырған тағы бір жаңалық – облыстағы «шаңғышылар шеберханасы» атанып кеткен Риддерде биыл шаңғыроллері тасжолына апарар жолдың бір шақырымына жөндеу жұмысы жүргізілген. Келер жылы тағы бірнеше шақырым жол асфальтталмақ. Жауапты тұлғаның сөзінше, жақын жердегі Соколок тауында қазір барлық талаптарға сай етіп жасалған айналым жолда балалар дайындалуда. Қуат Мұхамедчинов тиісті құжаттамалар рәсімделген соң алдағы уақытта аталған жерде ірі сайыстар өткізуге жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Қолайлы жері – еліміздің түкпір-түкпірінен, керек десе өзге елдерден ағылып жеткен спортшылар қонақүйлерге тұрақтағанда қалалық қазынаға да біршама пайдасы түседі. Мәселен шаһардың қақ ортасында айналым жолының бар жағдайы жасалған. Десе де бұл жерде басым көбі биатлоншылар бәсекеге түседі. Арнайы ату нысаны бар, салауатты өмір ұстанып, биатлонға ден қойғандар қыста шаңғымен, жаз айларында шаңғыроллерімен алаңсыз жүйітки алады. Ала допқа арбалғандар мен теңбіл доп тепкісі келген жұртшылық та елеусіз қалмай, алдағы уақытта жарықтандырылған алаңдар салынбақ.

Шаһардан шекараға дейін

Белгілі болғандай, әр жылы қолға алынатын жоспарлар көктем келе бекітіледі. Өйткені дәл осындай елең-алаң, көше бойында сең жүріп жатқан мезгілде жолдардың сапасы бірден байқалады. Бөлім басшысы жоғарыда жылына кем дегенде 20 аула абаттандырылады деген еді. Ал жолдардың жағдайына келсек, әр жылы шамамен 10 шақырым жол жөнделеді-міс. «Қала үшін мұндай көрсеткіштер әсте аз емес» дейді Қуат Мұхамедчинов. Мұнымен қоса құзырлы мекеме жарықтандыру мәселесі бойынша электр жеткізу желісін салып жатқан көрінеді. Жобаның жалпы құны – 750 млн теңге. Бұл республикалық қазына есебінен. Қамтитын аумағы – Риддер қаласынан Батыс Алтай қорығының шекарасына дейін.

– Қала әкімінің сол жаққа назар аударуының басты себебі – онда бірнеше демалыс базасы бар, – деді Қуат Маратұлы. – Қазір дизельді генератор арқылы жарықтандырылып отыр. Сол себепті жарық жоқ. Егер тынығушылар қонамын деп шешсе, онда өздерімен бірге жанармай алып жүрулері тиіс. Бұл тиімсіз. Сөйтіп қалабасы қаржы бөліп, дереу қауырт жұмысқа кірісіп кеттік.

Дегенмен қолға алынған жұмысқа кесе көлденең тұрған мәселелер де жоқ емес. Сөйтсе, оған апарар жолда орман шаруашылығы бар екен. Ал төтесінен тартып отыру – үлкен шығын әрі бас қатыруды қажет етеді. Бөлім басшысы арада уақыт өткен соң «ҚазАвтоЖол» ЖШС-мен бір ымыраға келіп, ЭЖЖ-ін орман алқабына қоюға бекінген. Қорыта келгенде, бұл жұмыстың нүктесі үстіміздегі жылдың соңына қарай аяқталады. Ал Поперечное ауылындағы электрмен жабдықтау мәселесі жуық арада бір шешімін тапқалы тұр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ