Сарбаздар әскери қайта даярлаудан өтті

623
көрілім

Ағымдағы жылдың 18-22 шілде күндері Өскемен қаласында Катонқарағай ауданының  аумақтық  қорғаныс  ротасының  әскери міндетті азаматтары  арнайы тактикалық оқу-жаттығу  жиындарынан  өтті.

   Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Марат Сатыбалдыұлы Сүлеевтің айтуынша, аталған әскери қайта даярлау жиындары қорғаныс ротасын жоғарғы жауынгерлік дайындыққа келтіруді, мемлекеттік маңызды нысандарды күзету және қорғау бойынша арнайы тактикалық оқу-жаттығуларды өткізуді мақсат тұтты.

   Әскери қайта даярлау жиындарына Катонқарағай ауданынан барлығы 78 адам қатысты. Тактикалық оқу-жаттығу жиындарына қатысқандардың қатарында әскери міндеттерін өтеп келгендер, әскери кафедра мен оқу орындарын аяқтағандар, сондай-ақ, мүлдем әскерде  болмаған азаматтар болды. Оқу-жаттығу жиындарына аудан басшысы Ділдар Қалиқан да әскери міндетті азамат ретінде қатысты.

   Әскери қайта даярлау жиындары барлығы үш кезеңнен өтті. Бірінші кезеңде қорғаныс ротасы   жоғарғы жауынгерлік дайындықтан өтті. Бұнда әскери міндеттілерге  ең алдымен, қайта даярлау жиындарының өтуі туралы күнібұрын хабарландырылды. Белгіленген күні жеке құрамды орналастыру пунктіне (облыстық әскерге шақыру пункті) жеткізген соң, оларға әскери киім-кешек пен қажетті құрал-жабдықтар берілді, взыодатр мен бөлімшелерге бөлініп, әрбірінің командирлері тағайындалды.

  Екінші кезеңде рота сарбаздарының  әскери-жауынгерлік дайындығы тексерілді. Бұнда  Ахмер кентінде орналасқан 27943 әскери бөлімінің оқу-жаттығу алаңында әскери міндеттілермен жекелей және жалпы құраммен атыс, «Қорғаныс және шабуылдау» тақырыбында оқу-жаттығу дайындығы  өткізілді.  Оқу-жаттығу дайындығын әскери міндеттілерге 27943 әскери бөлімінің взвод аға сержанттары Жақсылық Қайдаров, Ернұр Есенәлиев, Манас Бауыржанұлы өткізді.

   -Далалық оқу-жаттығу алаңында әскери міндеттілермен біз атыс қаруынан атуды, қорғаныс және шабуылдау кезіндегі іс-қимылды, сарбаздардың ұрыс алаңында жарақат алуы кезіндегі жарақатты таңу және жаралы адамды ұрыс алаңынан алып шығудың жолдарын үйретіп, түсіндірдік. Тактикалық-оқу жаттығу жиындарының құрамында осыған дейін әскер қатарында болған азаматтар бұндай оқу-жаттығулардан кезінде өткен. Оларға бұл таңсық емес. Десе де әскер қатарында бұрын болмаған азаматтарға бұндай оқу-жаттығулардан өтпегендіктен, оларға тәптіштеп отырып түсіндіріп, көрсету қажет болды. Жалпы айтқанда, катонқарағайлық әскери міндеттілердің қай-қайсысы болмасын өзіне берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, әскери қабілеттерін жақсы жағынан көрсе алды, - дейді 27943 әскери бөлімінің взвод аға сержанты, дене және әскери  дайындығы инструкторы Жақсылық Қайдаров.

   Тактикалық оқу-жаттығу жиындарының үшінші әрі қорытынды кезеңінде  катонқарағайлық әскери міндеттілер мемлекеттік стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау және күзету кезіндегі оқу –жаттығулардан өтті. Бұнда қорғаныс ротасы Өскемен су электр станциясының аумағын күзету, лаңкестік топтардың террористік  шабуылына  қарсы іс-қимыл жасаудағы жедел әрі тиімді әрекет етудің жолдарын  үйренді.

  -Алдын –ала ойластырылған аңыз бойынша стратегиялық маңызы бар нысан боп табылатын Өскемен су электр станциясының аумағына лаңкестік топтардың шабуыл жасау қаупі  анықталды. Осы ретте  бұндағы бірнеше бақылау-өткізу, взводтық-бекініс  пункттері қойылып, күзет жүргізілді. Оқу-жаттығу жиындарының қатысушылары нысанды  террорлық акт қаупінен қорғап, лаңкестердің көзін жоюға қарсы іс-қимыл жасау қажет болды. Жедел әрекет ету операциясының нәтижесінде лаңкестік топтардың көзі жойылып, мемлекеттік нысанға  төнген қауіп толығымен тоқтатылды. Қорғаныс ротасы  өздерінің жоғары  әскери дайындығын танытты, - дейді полковник М.Сүлеев.

   Әскери қайта даярлау оқу-жаттығу жиындарының аяқталар тұсында әскер қатарында болмаған азаматтар салтанатты түрде әскери ант қабылдап, толыққанды әскери міндеттілердің қатарына қосылды.

  Катонқарағай ауданы бойынша аумақтық қорғаныс бөлімшесімен өткен тактикалық оқу-жаттығу жиындарының қатысушыларына облыс тарапынан барлық  қажетті жағдайлар, атап айтқанда,  әскери міндеттілерді тұрғылықты мекенжайынан облыс орталығындағы орналасатын жеріне дейін жеткізілулері, сондай-ақ, үш уақыт тамақтану, казармалық орналасу жасалғандығын атап өткен жөн.

   -Осыған дейін мен әскер қатарында болған жоқпын. Бірақ, қолымда әскери ақ билетім бар. Осы жылдың маусым айының басында мені әскери міндетті ретінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі әскери қайта даярлау жиындарынан өтуге шақырды. Бұнда болған бес күніміз зыр етіп өте шықты. Өзіме әскери істе көптеген білім мен тәжірибе жинап қайттым деуге болады. Бір ауданна болсақ та бұрын аралас-құралас болмаған жігіттермен жақсы дос боп үлгердік.

  Атыс алаңында атыс қаруынан аттық, ұрыс кезіндегі   және қорғаныстағы түрлі әдіс-тәсілдерді үйрендік, мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысанды қорғау мен күзетудегі аса жауапты қызметке куә болдық, арнайы оқу-жаттығуларға қатыстық.  Бір сөзбен, айтқанда, әскери өмірдің не екенін түсіндік. Өз басыма әскери  қайта даярлау  жиындары ұнады. Әрбір ер азамат ел басына күн туғанда, Отанын қорғауға дайын болуы керек. Ол үшін ол физикалық та моральдық тұрғыдан да сақадай сай болғаны дұрыс. Осы ретте әскери жиындары адамды жан-жақты шыңдайды деп ойлаймын. Мен өзімнің және  тактикалық оқу-жаттығу жиындарына қатысқан құрбы-құрдастарымның атынан ұйымдастырушыларға, әскери бөлім басшыларына  жиынның жоғары өтуіне атсалысқандары үшін зор алғысымды айтқым келеді, - дейді әскери оқу-жаттығу жиындарына қатысқан аудандық Шығармашылық үйінің қызметкері Қуаныш Әділбек.

    ШҚО аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Марат  Сүлеев Ахмер кентіндегі 27943-ші әскери бөлімі өзінің  тактикалық және атыс дайындығы өтілетін  алаңын ұсынып, сондай-ақ, әскери міндеттілерге оқу-жаттығу  сабақтарын өткізуде арнайы инструкторларды бөлгендігін атап өтуде.

    -Аумақтық қорғаныс бригадасының құрамасына енген барлық әскери міндетті азаматтар осындай әскери қайта даярлау жиындарынан өткуі тиіс. Бұл оларға жауынгерге қажетті барлық дағдыларды үйренуге үлкен септігін тигізеді. Қазіргі таңда әлемде жағдай тұрақты емес, сондықтан, кез келген қауіпке қарсы тұрып, тойтарыс беруге дайын болуымыз керек.

   Жалпы алғанда, әскери оқу-жаттығу жиындарының мақсаты мен міндеттері  толығымен орындалды. Барлық  сұрақтармен жұмыс жасалды.  Әскери міндетті азаматтар жиын барысында өздерін тәртіпті ұстады, взводтар мен бөлімше командирлері өздеріне қойылған міндеттерін орындай алды. Барлығына рақмет!, - дейді Марат Сатыбалдыұлы.

   Әскери жиындардың  қорытындысы бойынша әрбіз сарбаздың оқу-жаттығу жиындарындағы күндеріне баға беріліп, тиісті ұсыныстар мен ескертпелер берілді. Сонымен бірге, Катонқарағай ауданының қорғаныс ротасының 10 сарбазына  кіші сержант әскери шені мен үздік нәтижелерге қолжеткізгендері үшін аранйы Алғыс хаттар табыс етілді.

Тимур Смағұлов