Семей тұрғыны 17 жылдан астам уақыт қос азаматтықпен жүрген

552
көрілім

Жыл басынан бері көші-қон қызметінің мамандары өңір аумағында қос азаматтығы бар азаматтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Соған сәйкес 9 ай ішінде тәртіп сақшылары 60-тан астам «қос азаматтығы» бар азаматты анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тамыз айының ортасында көші-қон қызметіндегілер 2003 жылы Алтай өлкесінде Ресей Федерациясының азаматтығын алған Өскемен қаласының тұрғынын анықтаған. Оған қоса ел аумағына кірген кезде Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат пайдаланып, осылайша Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзғандығы расталды.
Қос азаматтығы барлардың көпшілігі ҚР азаматының құжаттарын тапсыру қажеттілігн білмегендіктен қалдырғандарын айтады, алайда бұл әрекетке қасақана барғандар да бар. Мысалы, тәртіп сақшылары 17 жыл бұрын Новосибирск қаласында Ресей Федерациясының азаматтығын алған Семей қаласының тұрғынын анықтады. Алайда осы жылдар бойы Семейде тұрып, Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдалана отырып, біздің елде де, Ресейде де зейнетақы алып ҚР заңнамасын бұзған.
- Құқық бұзғандардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктерден ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты алынып, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылды, - деді Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
ШҚО ПД көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салып, көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайды. Тәртіп бұзған жағдайда азаматтар ҚР кодексінің 496-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.