Семейдегі Жәнібек Кәрменов көшесіне әншінің ескерткіш тақтасы қойылды

376
көрілім

Семей қаласында әнші, жазушы, ҚазКСР  еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтың ескерткіш тақтасы қойылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі БАҚ.кз сайтына сілтеме жасап.
Жәнібек Кәрменов 1949 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан, бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әнші Алматы эстрада-цирк өнері студиясының (қазіргі колледж) әншілік бөлімін, одан кейін Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы көп жылдар "Өнер" баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Өзіндік ән орындаушылығымен көзге түскен Жәнібек Кәрменов көптеген халық композиторларының шығармашылық өмірі мен мұрасын насихаттауға және олардың ұмытылған ән мәтіндерін қалпына келтіру ісіне зор үлес қосқан.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына елімізге белгілі жазушылар мен әншілер жиналды. Олар Жәнібек Кәрменовтың атқарған еңбегіне тоқталып, жазушының есімі ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

Семей қаласының тұрғыны Сұңғат Әлиасқар бүгінгі игі шараға қуана келгенін және әнші атындағы тақтаның қойылуы әсіресе жас ұрпақ үшін өте маңызды деген ойын білдірді.

"Қаламызда әнші әрі жазушы Жәнібек Кәрменов атындағы көше бұрыннан бар. Дегенмен бүгінгі тақтаның қойылу маңызы өте зор. Өйткені келешек ұрпақ Кәрменовтың кім екенін оқып біліп жүретін болады. Сондықтан бүгін ұлым Айсұлтанды осы ескерткіш тақтаның ашылуына әдейі ертіп келіп отырмын. Елдің мәдени мұрасын жаңғырту үшін еңбек еткен әншінің есімі ел есінде мәңгі сақталса екен деймін", - дейді Сұңғат Әлиасқар.

Әншінің "Ақылбайдың әні", "Ғашықтың тілі", "Махаббат әні"  сынды кітаптары көрген. 1984 жылы концерттік- орындаушылық, зерттеу қызметтері және жастар арасында халық өнерін насихаттаудағы жұмыстары үшін оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілген. 1996 жылы оның есімі өзінің туған жері Қарауыл ауылындағы музыка мектебіне берілді.