ШҚО бойынша салық жеңілдіктері, инватакси шақырту және мүгедектер үшін әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі жайында

535
көрілім
Шартты фотосурет

Еріктілер деген кімдер және оларды қалай табуға болады? Инватакси шақырту үшін не істеу керек? Өз мекенжайыңда баспалдағы аласа әрі есігі кең дәріханалар мен шаштараздарды қалай табуға болады? Мүгедектер үшін қандай да бір салық жеңілдіктері қарастырылған ба, жоқ па екендігін білу үшін қайда жүгінген жөн? Мүмкіндігі шектеулі адамдардың осындай және өзге де қояр сұрақтары жетерлік. Газет тілшісі солардың бірқатарының жауабын анықтап көрген еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Естеріңізге болса, өткен санда мүгедектікті ресімдеу, оңалтудың жекелей бағдарамасына толықтырулар мен түзету және қандай спорт орталықтарына тегін баруға болатындығы хақында мәлімет ұсынылған болатын.

Инватаксидің қазіргі жұмыс тәртібі қандай? Көлікті қалай шақыруға болады? Демалыс күндері жұмыс істей ме? Айталық, сенбі күні кинотеатрға апара ала ма?

Гүлшара Мұхтарова

«Алтын-Ай» мүгедек-әйелдер қоғамдық ұйымындағылар инватакси тек жұмыс күндері ғана сағат 9:00-18:00 аралығында ғана жұмыс істейтіндігін алға тартты. Сенбі, жексенбі және мереке күндері (мүмкіндігі шектеулі жандардың бірін әуежай немесе вокзалға апару сынды шұғыл жайттар болып қалмаса) қызмет көрсетпейді.

Көліктің бұл түрі бойынша қазір бес инватакси: оның ішінде үшеуі жеңіл автокөлік, екеуі мүгедек арбасына таңылған адамдарды тасымалдауға арналған арнайы ГАЗельдер. Аталған көліктер мынадай санаттағы науқастарды тасымалдайды: I-ші топтағы арбаға таңылғандар мен осы топтағы көру қабілеті төмен жандар. Өтінімдер егер науқасқа сабаққа, жұмысқа, медициналық мекемелерге, әлеуметтік саладағы ұйымдарға, әуежай мен вокзалға және арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарға бару қажет болса қабылданады. Бір айта кетерлігі, инватакси мүгедектігі бар адамдарды дүкенге, саябақтарға, ойын-сауық орталықтары мен діни нысандарға апармайды. Бұл жайлы «Алтын-Ай» мүгедек-әйелдер қоғамдық бірлестігіндегі диспетчерлік қызмет мамандары мәлімдеді.

Инватакси қызмет қолдану үшін мынадай телефон нөмірлерін қоңырау шалуға болады: 8-72-32-61-26-40; 8-777-264-17-63.

Өскеменде автоеріктілер бар деп естідім. Білгім келетіні, соларды қалай табуға болады? Қандай нөмірге хабарласу қажет? Егер жүргізушілерді де автоерікті деп қабылдасам, адамды діттеген жеріне апара ала ма?

Дидар Мұратұлы

Иә дәл солай, автоеріктілер өз көліктерімен келіп, айтқан жеріңізге жеткізіп тастайды және бұл тегін болмақ, – деді «Өскемен-Асар» автоеріктілер жобасының кураторы Анна Мазаева. – Оларға тек мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, жалғызбасты зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар да жүгіне алады. Қайда бару керектігін нақтылау үшін арнайы чат (кімге, қайда және сағат нешеде бару керек) ашылған. Автоерікті-жүргізушілер келіп түскен өтініштерді мейілінше орындауға тырысады. Өтінімдерді барынша ертерек берген жөн. Кейде тым шұғыл жағдай болғанның өзінде қолы босаған жүргізушілер көмек көрсетуге әзір тұрады.

Жалпы көлігі бар кез келген адам автоерікті бола алады. Бұл жерде басты әрекет – мүмкіндігі шектеулі жанға межелі жеріне уақтылы жету үшін қолұшын беруге ұмтылу. Өтінімдерде уақыты, (сондай-ақ әлеуметтің қандай тобына жататыны, қолында таяғы немесе мүгедектік арбасы бар-жоғы да жазылады) тоқтайтын орны мен ең соңғы аялдайтын мекенжай көрсетіліп тұрады. Яғни осы мәліметтерді көзі шалған жүргізуші ыңғайына қарап бару қажет пе, жоқ па екендігін ертерек біле алады.

Өтінім қалдыру үшін төмендегі (WhatsApp) нөмірлерге хабарласуға болады: 8-747-911-00-11; 8-705-230-60-44.

Аяғым ақсақ болған соң таяқпен ғана жүремін. Жоғары көтерілу деген қиынның қияметі. Обалы кәнеки, ондай кедергілерге жиі жолығамын. Дүкен, дәріхана, шаштараз, дәмхана дейсіз бе, барлық жердің баспалдақтары біршама биік сияқты. Соған жұрт сияқты емін-еркін көтеріле алмағаным үшін көпшілік алдында қатты қысыламын. Анықтағым келетіні, өзім баратын дүкен, дәріхана немесе өзге де нысандар жайлы ақпаратты алдын ала білуге бола ма?

Арай

Иә ондай мүмкіндік бар. Сол үшін «Қолжетімді Қазақстан» жобасы іске қосылған, ол Өскеменде де бар. Бұл жоғарыда сөз етілген мәліметтері көрсетілген түрлі мекемелердің картасы. Өскемен картасына 3000-нан астам мекеме енгізілген. Солардың әрбірінде: мекеме ашық тұр ма, арнайы маман шақыртуға арналған тетік бар ма, мүгедектер үшін көлік тұрағы қарастырылған ба, қызмет көрсету аймағы және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әжетхананың бар-жоғы көрсетіліп тұрады. Ондай мәліметтермен таныс болу үшін doskaz.kz сайтына кіру қажет. Ары қарай қаланы таңдап, іздеу жолағына көше немесе өзіңізге керек нысанның атауын жазасыз.

Бұдан бөлек, әр адам сайтқа жаңа нысан (мәселен жүйеде әлі мәліметі аз дүкен немесе дәріхана және тағы басқалары) қоса алады. Ол үшін мекемені бірнеше рет суретке түсіріп, сайттағы шағын чек-парақты (немесе Play Market, App Store арқылы жүктеп алуға болатын Doskaz.kz қосымшасы арқылы) толтыру қажет. Сайт модераторы тексеріп болған соң сіз енгізген нысан картада пайда болады. Қандай да бір қиындықтар шығып, сұрақтар туындаса 8-705-230-60-44 нөміріне қоңырау шалып, Анна Мазаевадан көмек сұрауға болады.

Ағам мүгедек болып қалды. Естуімше, осы топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға салық төлеу кезінде қандай да бір жеңілдік қарастырылған екен. Дегенмен соның рас-өтірігіне бойлай алмай тұрмын. Заңнаманы толыққанды түсінбей, енгізіліп жатқан түзетулерге мән бермейтін тек біз емес деп ойлаймын. Осы жағын толықтырып жіберсеңіздер екен.

Бағдат Санаев

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсінік жұмыстары басқармасындағылар мүгедектер үшін салық төлеуде негізделген жеңілдіктерді рет-ретімен ұсынды.

 

Жекелей табыс салығы

Жеңілдіктер:

  • I, II және III топ мүгедектері;

  • мүгедек балалар;

  • кәмелет жасына толмаған мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жандар немесе олардың ата-аналарының біріне;

  • бала кезінен мүгедек деп танылған жанның ата - анасының, қамқоршыларының біреуіне оның өмір бойы бағып-қаққаны үшін жеңілдік береді.

Жеңілдіктердің мәнісі мынада: көрсетілген тұлғалардың күнтізбелік жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшерінде жеке табыс салығын есептеу кезінде стандартты шегерімге құқығы бар (2021 жылға 2572794 теңге). Салық шегерімдері салық шегерімін қолдану құқығын растайтын құжаттар негізінде қолданылады. Мұндай құжаттардың түпнұсқалары жеке тұлғада салық кодексінің 48-бабы 2-тармағында белгіленген талап қою мерзімі (үш жыл) ішінде сақталады. Жеке тұлға міндетті зейнетақы жарналары түріндегі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар бойынша салық шегерімдерін қоспағанда, салық кезеңі үшін шегерімді табыс төлейтін бір ғана салық агентінде қолдануға құқылы.

Заңнамаға сілтеме: 2-тармақшалар, ҚР Салық кодексінің 343, 346-бабы және 342 -бабы 1-бөлігі.

 

Көлік құралдарының салығы

Жеңілдіктер:

  • мүгедектіктің барлық топтары;

  • Салық кодексінің 289-бабы 1-тармағына сәйкес келетін мүгедектердің қоғамдық бірлестіктер, – қозғалтқыш көлемі 3000 куб сантиметрден аспайтын жеңіл автокөліктердің біреуіне және бір автобусқа беріледі.

Жеңілдіктердің мәнісі мынада: көрсетілген тұлғалар меншігіндегі мотоколяскалар мен автомобильдер бойынша бір автокөлік құралынан (двигателінің көлемі 1000 текше сантиметрден асатын, уәкілетті мемлекеттік орган 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін оған қатысты тіркеу іс - әрекеттерін жүргізген жеңіл автомобильден басқа) көлік құралдарына салынатын салықтан босатылады

Заңнамаға сілтеме: 4-тармақшалар. ҚР Салық кодексінің 490-бабы 3-бөлігі.

Мүлік салығы

2020.10.12 бастап енгізілген №382-VI ҚР Заңына (аталған норма 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізілді) сәйкес Салық кодексіндегі өзгерістер ҚР аумағындағы жеке тұлғалардың мүлкіне салық салу объектісі болып саналады:

1) Меншік құқығына жататын тұрғын үй, мекеме, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге де құрылыстар, сондай-ақ ғимарат;

2) Жеке тұлғаларға меншік құқығымен тиесілі жер учаскелері. Яғни жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық енді әрбір салық салу объектісі бойынша және жер учаскелері үшін жеке есептелген салық сомаларын да қамтиды.

Жеңілдіктердің мәнісі мынада: мүгедектер меншік құқығындағы барлық салық салу объектілерінің жалпы құнынан айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 1500 еселенген мөлшері шегінде мүлік салығынан босатылады

Мүмкіндігі шектеулі бала, туа біткен мүгедек немесе оның ата-анасының бірі 1500 АЕК шегі мөлшеріндегі айыппұлдан босатылады:

  • тұрғын үй қоры, оның ішінде, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелері бойынша;

  • үй маңындағы жер телімі;

  • жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелеріне, құрылыс жүргізілетін жерлерді қоса алғанда;

  • гараждарға арналған жер учаскелеріне.

Заңнамаға сілтеме: 2-тармақшалар, ҚР Салық кодексінің 526-бабының 4-тармақшасы.