ШҚО шаруа қожалықтарында жыл басынан бері 70-тен астам өрт болды

111
көрілім

Шығыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалықтарында жыл басынан бері 70-тен астам өрт шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі шаруа қожалықтарындағы ғимараттар өте тез жанып кетеді. Өрт жақын маңдағы үйлер мен қора-жайларға таралуы мүмкін.

Осы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстандағы шаруа қожалықтарында 70-тен астам өрт шықты. Мұның себебі көбінесе отпен абайсыз жұмыс істеу, пешті жылыту және электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болды.

«Жылыту маусымы басталғалы ТЖД қызметкерлері 197 000-нан астам тұрғын үйді аралап шықты. Шаруа қожалық иелерімен кездесті. Сол кезде қауіпсіздік ережелері жіті түсіндірілді. Өрттің алдын алуға көмектесетін ережелер жазылған жадынамалар таратылды», - дейді департамент бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Оның айтуынша, отпен жұмыс істегенде барынша абай болу қажет.

«Үй-жайларда темекі шекпеңіз. Электр құрылғыларын оны дайындаған зауыттың нұсқауына сәйкес қолданыңыз. Электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз, бір розеткаға бірнеше қуатты электр құрылғыларын қоспаңыз», - деп түсіндірді С. Амангелдин.