ШҚО спортшысы тізімге ілінбеді

332
көрілім

Күрес түрлерінен Үндістанда өтетін Азия чемпионатына қатысатын әйелдер құрамасы белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтетін құрлықтық чемпионатқа бұрымдылар 10 салматта ел намысын қорғайды. Әйелдер құрамасының бас бапкері Нұрлан Аманқосов танымал спорт порталына берген сұхбатында құрама жасақтауда едәуір өзгерістер орын алғанын мәлімдеген болатын. Соңғы сайыстарда сәтті өнер көрсетіп жүрген апалы-сіңілі Бақбергеновалар (Мадина, Жәмилә) 59 және 72 келі салмақтарда бақ сынайды. Жеңіл салмақта ауқымды додаларда жүлдегер атанып жүрген Марина Седнева бұл жолы сайыстан шет қалды. Сол сияқты жерлесіміз Ирина Казюлина да тізімге ілінбепті. Осыған дейін 68 келі дәрежесінде Бішкекте өткен Азия чемпионатының қоласын иеленген спортшы өткен жылы қатарынан бірнеше жарыста медаль ала алмады. Бапкерлер құрамы әр палуанның спорттық бабын байқап, кейбір жас қыздарға да мүмкіндік беруді жөн санаған көрінеді. Мәселен Ирина Казюлинаның салмағында бозкілемге беттейтін Ақмола облысының өкілі Альбина Қайыргельдинова былтыр Өскеменде өткен жастар арасындағы ел чемпионатында үздік шыққан болатын.

Аталған жарыс ақпанның 17-23 күндері аралығында өтпек.

Әділхан ЕСІМХАНОВ