ШҚО-да 150 млрд теңге бөлінген жұмыстар бітпей жатыр

65
көрілім
Фотосурет редакция мұрағатынан

Жуықта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті 2024 жылдың I тоқсанындағы жағдайды қорытындылап, ресми ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Департамент басшысы Денис Шакенов сөз басында құрылыс мерзімі ұзаққа созылған нысандар тақырыбы өзекті екенін айтты. Тұрғындар да сиырқұйымшақтанып кеткен істің соңында «жемқорлықтың иісі аңқиды» деп топшылайтын көрінеді.
– Бұл бағытта миллиардтар жұмсалады. Қаржы жымқырылу қаупі жоғары. Салып бітіру мерзімі өтсе де, жұмыстың аяқталмауына сәйкес келісімшартты создырып жатыр. Бүгінде жұмысы сағызша созылған 12 нысан тізімде тұр. Жалпы құны – 150 млрд теңге. Олар ерекше мониторингіге алынды және жұмыс барысы уақтылы тексеріліп тұрады, – деді Денис Шакенов.
Осы ретте тапсырыс беруші де, мердігер де Антикор өкілдерімен үнемі байланыста болып, жұмыс барысы жайлы ақпар ұсынып отырулары тиіс. Оны қадағалайтын арнайы бақылаушы органдар да бар көрінеді. Солардың бірі – қоғам белсенділері.
– Біздің мақсат – осы нысандар құрылысының аяқталуына не кедергі болып жатқанын анықтау. Бір есептен, олар асығыс-үсігіс емес, сапалы етіп салынуы шарт. Мердігер мен тапсырыс берушілерге бастаған ісін тәмамдауларына заң аясында ықпал етпекпіз, – деді Департамент басшысы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ