ШҚО-да 5 мың мал иесі жауапқа тартылды

803
көрілім
Шартты фотосурет

ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев «Online» форматта өткізілген есеп беру кездесуінде ішкі істер органдары қылмыстың кең тараған түрі бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізетінін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың 45 пайызын мал ұрлығы құрайды. Департамент бастығы ішкі істер органдары ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІМ-нің үш жылға арналған бағдарламасын аяқтағанын хабарлады. Белгілі болғандай, осы жылдан бастап ІІМ-нің 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау жөніндегі жаңа бағдарламасы іске асырылады.

- 2020 жылы учаскелік полиция инспекторлары (1234) тұрғындармен мыңнан астам жиын өткізген. Шара барысында ұрлық жасауға ықпал ететін мән-жайлар түсіндіріліп, үйлердің подъездерін металл есіктермен бекіту, домофондармен жабдықтау және бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру қажеттілігі туралы ақпарат жеткізілді, -деді ШҚО ПД бастығы.

Сағат Мадиев қабылданған шаралар нәтижесінде өткен жылы ұрлық санының (10 837-ден 6 027-ге дейін) 44 %-ға азаюына қол жеткізілгенін атап өтті. Бұл ретте мұндай беталыс биыл да сақталып жатқан көрінеді, яғни биыл ұрлық саны төрттен бір бөлікке азайған.

ШҚО ПД бастығы ауылдық жерлерде қылмыстың ең көп таралған түрі, яғни мал ұрлығының алдын алуға баса назар аударылатынын айтты.

- Мал ұрлығын жасауға ықпал ететін алғышарттардың бірі малды тиісінше жаймау болып табылады. Қылмыскерлер мал иелерінің бейқамдығын пайдаланып, жайылымнан қараусыз жүрген малдарды ұрлайды, -деді Сағат Кентайұлы.

ШҚО ПД бастығының мәлімеетінше, әкімдіктердің ықпал етуімен екі жүз алпыс екі мамандандырылған мал тұрағының жұмысы ұйымдастырылды. Өткен жылы ғана 18 мың бас қараусыз жүрген мал тұраққа қамалған болатын, осылайша оларды ұрлауға жол берілген жоқ. 5 мың мал иесі (4 861) әкімшілік жауапқа тартылды.

- Аталған қылмыс түрін ашу және алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізу, базарлар мен ет сату орындарын тексеру жүзеге асырылуда, тосқауыл бекеттерінің жұмысы ұйымдастырылып, ұрланған малдарды тасымалдаумен айналысатын 8 қылмыскер ұсталды. Тағы 336 азамат құжаттарсыз мал және ет өнімдерін тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды,-деді С.Мадиев.

Облыстың бас полицейі жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу нәтижесінде мал ұрлаумен айналысқан 14 топтың залалсыздандырылғанын және құны 51 млн. теңгедан астам 700-ден артық мал иелеріне қайтарылғанын атап өтті.

- Мәселен, биыл ақпан айында Ұлан ауданындағы еркін жайылымнан облыс орталығы тұрғынының қараусыз қалған 19 бас жылқысы жоғалып кетіп, кейін табылған. Оларды іздеу бір аптаға созылды, 20 полиция қызметкері, 5 бірлік техника және тікұшақ тартылды. Бұл бір ғана жағдай емес. Иелеріне қайтарылған малдың жартысыжоғалған малдар, – деп мысал келтірді Сағат Мадиев.