ШҚО-да бірнеше ауыл таратылуы мүмкін

180
көрілім
Фотосурет Azattyq-ruhy.kz сайтынан

Облыс әкімдігінде өткен жиында Глубокое және Тарбағатай аудандарының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгеріс енгізу жағы қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратты облыс әкімінің аппараты басшысының орынбасары Мерей Тоқтарбекұлы ұсынды. Жауапты тұлға мәселе Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы заңына сәйкес талқыланғанын жеткізді.
– Жобаға сәйкес, Глубокое ауданындағы Алтайский және Верхнеберезовский кенттерін ауыл деп атау ұсынылды. Сметанино, Калинино ауылдары мен Аврора станциясын тарату және өзге қоныстар санатына жатқызу жағы қаралады. Тиісінше, Сметанино – Кожохова елдімекеніне, Калинино – Алтайский ауылына, Аврора қонысы Предгорное ауылдарының құрамына қосылуы мүмкін. Тарбағатай ауданы бойынша Сағындық, Өтеген, Жалғызтөбе ауылдарын тарату және және өзге қоныстар санатына жатқызу ұсынылды, – делінген мәліметте.
Жауапты тұлға аталған әрекеттер заң аясында жалғасқанын жеткізді. Жергілікті жұртпен жүздесіп, қоғамдық тыңдаулар өткен көрінеді.
– Сараптама комиссиясы мен ғылыми сараптама қорытындысы бар. Жоба «Ашық НҚА» порталына шығарылып, көпшілік талқысына салынбақ, – деді Мерей Тоқтарбекұлы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ